Назарбаев рақымшылығы: Шымкент соты Бишімбаевтың 10 жылдық жазасы 2 жылға қалай қысқарғанын түсіндіріп берді

Жарияланды
бишимбаев
Фото: instagram.com/primeministerkz; shutterstock; freepik

ІІМ Бишімбаевтың ұсталуына қатысты пікір білдірді. Ал Шымкент соты экс-министрдің қандай жағдайда бостандыққа шыққанын түсіндірді.

Шымкент сотының мәліметіне сәйкес, Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2018 жылғы 14 наурыздағы үкімімен Қ.Бишімбаев 10 жылға бас бостандығынан айырылған. Сол кезде оның мүлкі тәркіленіп, мемлекеттік қызметте істеу құқығынан өмір бойына айырылған.

2017 жылдың 10 қаңтарында ұсталып, уақытша ұстау изоляторына орналастырылғаны себепті, жазасын өтеу сол күннен басталған. Шенеунік сот барысында өз кінәсін мойындаған. Алайда мемлекет басшысының(ол кезде президент Назарбаев) 2019 жылғы 13 ақпандағы Жарлығымен Қ.Бишімбаевқа рақымшылық жасалып, жазасы 10 жылдан 4 жылға дейін қысқартылған.

Осыдан соң Бишімбаев жазасын шартты түрде өтеу туралы өтініш білдірген. Нәтижесінде өтелмеген 1 жыл 3 ай 13 күні шартты түрдегі жазаға ауыстырылып, босатылған.

Оның шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға қатысты өтініші заң талаптарына сай келгендіктен толығымен қанағаттандырылған. Ол жазасының 2/3 бөлігін өтеген, мекеме әкімшілігімен оң сипатталған, қасақана заң бұзушылықтар жасамаған, 1,5 млн теңгеден астам сомаға процессуалдық шығындарды да өтеген.

«Осыған орай, Шымкент қаласы Абай аудандық сотының 2019 жылғы 25 қыркүйектегі қаулысымен Қ.В.Бишімбаевтың өтініші қанағаттандырылды. Қ.Бишімбаев 2019 жылдың 11 қазанында босатылып, пробациялық бақылауға алынды. Жазасы 2021 жылдың 9 қаңтарында аяқталды», делінген Шымкент сотының ресми парақшасында.

Ал Ішкі істер вице-министрі Сәкен Сәрсенов ұсталған адамның расымен Ұлттық экономика экс-министрі Қуандық Бишімбаев екенін растаған.

«Ол қамауға алынды, қазір тергеу амалдары жүргізілуде. Басқа ештеңе айта алмаймын. Жұмыс барысында сіздерге қосымша ақпарат берілетін болады. Бұл іспен бізде тергеу бөлімінің қызметкерлері айналысады. Олар БАҚ-қа кейінірек түсініктеме бере жатар», – деді вице-министр.

Ол сонымен бірге бұрынғы министрдің оқиға кезінде есірткі немесе алкоголь пайдаланғанына жайлы қауесеттерге қатысты да ашып ештеңе айтпады.

«Жүргізіліп жатқан тергеу шаралары аясында мен ештеңеге түсініктеме бере алмаймын. Біздің баспасөз қызметі барлығына бірдей ақпарат таратты. Сондықтан анау расталды, мынау расталмады деу дұрыс емес»,- деді ол.

Еске сала кетсек, бейсенбі күні кешке қарай экс-министр Бишімбаевтың әйелін өлтірді деген күдікпен ұсталғаны туралы ақпарат тарады.

Экс-министр Қуандық Бишімбаев әйелін өзінің анасы Альмира Нұрлыбековаға тиесілі мейрамханада өлтірген. Қайтыс болған Салтанат Нукенова – Бишімбаевтың екінші әйелі. Ол небары 31 жаста болған. Ресми ақпаратқа сәйкес, әйел мейрамханада алған жарақаты салдарынан тіл тартпай кеткен.

2017 жылдың қаңтарында Бишімбаев холдинг директоры болғанда Қызылорда қаласында салынуы керек болған әйнек зауытының құрылысы кезінде мердігер компаниядан ірі көлемде пара алды және «Бәйтерек» холдингінен ірі көлемде ақша жымқырып, қылмыстық топ құрды деген айыппен ұсталған. 

Сондай-ақ оқыңыз