Абай облысындағы ірі орман өртіне найзағай себеп болған – Бас прокуратура
Бас прокуратура Абай облысындағы ірі орман өртіне қатысты қылмыстық істі аяқтап, сотқа жолдады. Бұл жайлы Бас прокуратураның баспасөз қызметі хабарлады.
Баспасөз қызметінің хабарлауынша, іс 2023 жылдың 27 қазанында жолданған. Тергеп тексеру барысында өрттің шығуна қылқанжапырақты ағаш діңіне құрғақ найзағайдың түсуі себеп болғаны анықталған. Осылайша 8 маусымда Абай облысының Батпаев орман шаруашылығы «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты» РММ-де орман өрті басталған. Салдарынан «Семей-Орманы» резерваты Новошульбинск филиалының 14 қызметкері қаза болды, 60 мың гектар орман күлге айналды.
Өртке найзағайдың себеп болғанын сарапшылар растаған және фото/видео түсірілімдер мен куәлардың айғақтарымен және қылмыстық істің басқа да құжаттарымен дәлелденген. Яғни өрт қасақана қойылмаған.
«Өрт кезінде «Семей-Орманы» резерваты және Новошульбинск филиалының басшылығы өздеріне заңмен жүктелген өрт сөндіру өкілеттіктерін орындамаған, жағдайды теріс бағалаған және өрт сөндіру кезінде қауіпсіздік ережелерінің сақталуын қамтамасыз етпеген, нәтижесінде 14 тұлғаның өліміне әкеліп соққан», деп хабарлайды прокуратура.
«Семей-Орманы» резерваты және Новошульбинск филиалы басшылығының іс-әрекеттері Қылмыстық кодекстің 292 бабының 3 бөлігімен сараланып (өрт қауiпсiздiгi талаптарын бұзу, абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соғу, 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген), «үйқамақ» түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған.
«Ал Экология және табиғи ресурстар және Төтенше жағдайлар министрліктерінің лауазымды тұлғаларының әрекетсіздік дерегімен тіркелген сотқа дейінгі тергеп-тексеру әлі де жалғасуда. Мамандардың қорытындылары алынғаннан соң барлық лауазымды тұлғалардың әрекеттеріне құқықтық баға берілетін болады», делінген баспасөз хабарламасында.
Абай орманында болған өрт адам шығына әкеліп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев шұғыл сапармен Абай облысына келді.
9 маусымда Семейде табиғи сипаттағы жергілікті төтенше жағдай режимі енгізілді. 10 маусым күні таңертең Қасым-Жомарт Тоқаев Төтенше жағдайлар министрлігінің басшысы Юрий Ильинді қызметінен босатты.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда 12 маусымды жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады. Бас прокуратурада Абай ауданындағы ірі өрт фактісі бойынша екі қылмыстық іс қозғалып, министрлер мен әкімдерден өз шеңберінде жауап алатынын хабарлады.