Жүргізушілер назарына: Қарағанды-Астана тас жолындағы жылдамдық қадағаланады
Алматы – Екатеринбург халықаралық автожолының учаскелері мен Қарағанды-Астана тас жолында жаңа жылдамдық өлшегіштері орнатылды. Бұл жайлы Қарағанды әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Қарағанды облысының полиция департаментінің хабарлауынша, құрылғылар 10 қарашадан бастап жұмыс істей бастайды. Жылдамдық өлшегіштер Анар станциясының, және Ошағанды кентінің аркаларында орнатылған. Олар екі бағыттағы қозғалысты да қадағалайтын болады.
Ал 1 қарашадан бастап Теміртаудан Астанаға қарай шығатын аркада орнатылған жылдамдық өлшегіш іске қосылған болатын. Осы орайда полиция жүргізушілерді жол ережелерін сақтауға, рұқсат етілген жылдамдықтан аспауға шақырады.
Осыған дейін Көлік министрі Марат Қарабаев «Талдықорған – Үшарал» және «Үшарал – Достық» автожолдарын қайта жаңарту барысымен танысқан болатын.
Сондай-ақ, Көлік министрі Шамалған станциясының айналма жолы құрылысын жылдың соңына дейін аяқтауды тапсырды.