Бұл кейс күдіктіні соттаумен ғана шектелмеуі тиіс – Саясаттанушы
Экс-министр Қуандық Бишімбаевтың анасы Альмира Нұрлыбековаға тиесілі мейрамханада оның әйелі Салтанат Нүкенова қайтыс болып, күдікті ретінде экс-министрдің ұсталғаны қоғамда резонанс тудырды.
Ел азаматтары Астанадағы Достық 16П мекен-жайында орналасқан «Bau» мейрамханасында болған қайғылы оқиғаны жан-жақты талқыға салып жатыр.
Мәжіліс депутаты Динара Шүкіжанова тұрмыстық зорлық-зомбылық жиіркеніш туғызатын жағдайға жеткенін жазып, қайғыдан қан жұтып отырған отбасыға көңіл айтты.
«Осындай жағдай жиілеп кетті. Жантүршігерлік әрекетке барғандар заң бойынша қатаң жазалануы тиіс. Осындайлар жазадан жалтарып кетпеуі үшін заңды қатаңдатуды талап етемін!» – деді депутат.
Оның айтуынша, тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы заң жасау маңызды, бірақ жағдайды өзгерту үшін заң қабылдап отыру жеткіліксіз.
«Заң әділдік үшін күресте қуатты құрал болуы керек. Біз күш біріктіру арқылы ғана заңсыздыққа тосқауыл қойып, әйелдердің құқықтық қорғалуын қамтамасыз ете аламыз», – деді Шүкіжанова.
Саясаттанушы Шалқар Нұрсейіт Қазақстан заң үстемдігі орнамаған (Rule of Law), керісінше заңды қолмен басқарылатын (Rule by Law) жүйе орнағанын жазады.
«Кеше, өкінішке орай, соның тағы бір мысалына куә болдық. Жемқорлық үшін сотталып, артынан Назарбаевтың рақымшылығымен шыққан Қуандық Бишімбаевтың өз әйелін өлтіруі адам өмірі құнын көк тиынға айналдырған саяси жүйенің, барлық саланы шіріткен коррупцияның, мемлекеттік бюджет пен билікке жақындардың бассыздығының, патриархал құндылықтар қанына сіңіп кеткен ауру қоғамның көрінісі», – дейді ол.
Саясаттанушының айтуынша, Қазақстан қоғамдық санасы сау, билігі адекват ел болғанда, бүгін елдің 20 аймағында отбасыдағы зорлық-зомбылықты тоқтатуды талап еткен жаппай бейбіт митинг өтіп, бүкіл мемлекеттік медиа мен парламентте қызу талқылаудың, президент пен үкіметтің әйелдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша мәлімдемесін, мемлекеттік саясатты, қоғамдағы ақылға сыймайтын нормаларды өзгерту ниетін көрер едік.
«Бұл елде әйелдердің еркектерден жапа шегуі, әлсіздердің «күштілердің» құрбаны бола тұра өзі «кінәлі» болуы қалыпты жағдай. Сот шешімімен Бишімбаев лайық жазасын алуы тиіс. Сонымен қатар отбасының ойранын шығарып, жұрттың алдында «отағасы» болып жүрген «бишімбаевтар» да жазасыз қалмауы тиіс», – деді саясаттанушы.
Ол «ең бастысы, бұл кейс Бишімбаевты соттаумен ғана шектелмеуі тиіс» екеніне назар аударады.
«Билік әйелдер мен балалар зорлық-зомбылықтың құрбаны болмас үшін оңтайлы мемлекеттік саясатты ұсынып, оны тиімді жүзеге асыруы тиіс. 5 жыл бұрын Денис Тенді тапа-тал түсте Алматының қақ ортасында өлтіріп кеткен кезде полицияның деңгейін көрдік. Сол кезде «Полицияны реформалаймыз!» деген кампания жүрді. Өкінішке қарай, «МВД»-ны реформалау полиция униформасының дизайнын өзгертумен ғана аяқталды. Фемицидпен күрес «За реформу МВД» кампаниясының кебін кимеюі керек. Ол үшін қызын 18-ге толар-толмас күйеуге беруге асығатын, ажырасқан әйелдерді адам санамайтын, «Бала белде, қатын жолда» деген ұстанымды құп көретін қоғам мизогиниямен күресуі керек. Онсыз зорлық-зомбылықпен күрес бойынша ешбір мемлекеттік саясат толық болмайды», – деп түйіндеді Шалқар Нұрсейіт.
9 қараша БАҚ-та Астанада кісі өлтірді деген күдікпен ер адам қамалғанын, оның бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев болуы мүмкін екенін хабарлады.
10 қарашада Астанада кісі өлтірді деген күдікпен ұсталған экс-министр Бишімбаевтің 5 жыл бұрын жемқорлық бабымен сотталып, 2019 мерзімінен бұрын босап шыққаны жарияланды.
Бұған қоса күдікті Бишімбаев 8 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін екені туралы ақпарат тарады.