Қостанайда жаңа көлік зауытының құрылысы басталды
Қостанайда Kia автомобильдері өндірісінің толық циклін қамтитын жаңа зауыттың құрылысы басталды. Құрылыс жұмыстарын ресми бастау рәсіміне премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр мен облыс әкімі Құмар Ақсақалов қатысты.
Құрылыс жұмыстары 2024 жылы аяқталады деп күтілуде, содан кейін жабдықтар орнатыла бастайды. 2025 жылдың бірінші тоқсанында зауыт пилоттық режимде іске қосылмақ, ал екінші тоқсанында өндірістің толық циклі ашылады.
«Жоғары жалақы төленетін 1 500 жұмыс орнын құруға мүмкіндік беретін жаңа зауыттың өндірістік қуаты жылына 70 мың автокөлік болмақ. Жобаға шамамен $250 млн тікелей шетелдік инвестициялар салынатын болады», – делінген Үкімет хабарламасында.
Мәліметке сүйенсек, Kia компаниясы алғаш рет Корея Республикасынан тыс жерде бірлескен кәсіпорын мен зауыт салуға тікелей инвестиция салып отыр.
«Қостанайда Kia автомобилдерін шығаратын толық циклді зауыт салуды машина жасау саласы үшін шын мәнінде серпінді жоғары технологиялық жоба деп атауға болады. Бұл жоба нақты мультипликативті әсер береді, инженерлік және техникалық кадрлардың жаңа буынын даярлау деңгейін арттыруға, сондай-ақ локализациялаудың келесі кезеңіне көшуді айтарлықтай жеделдетуге мүмкіндік береді», — деді Роман Скляр.
Еске сала кетейік, осы жылдың қаңтар айында президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қостанайда Kia автомобильдерінің шағын тораптық өндірісін іске қосу рәсіміне қатыса отырып, өнеркәсіп кооперациясын одан әрі кеңейту және инженерлік базаны қалыптастырудың маңызын атап өткен болатын.