10 қарашада 2013 жылдан бастап Сирияда террористік топтар құрамында болған Қазақстан азаматы Түркиядан елге жеткізілді. Бұл тұралы ҰҚК баспасөз қызметі хабарлады.
«Оның радикалдық идеялардан көңілі қалғаны, өз еркімен террористік әрекеттен бас тартып, Түркияға өткені және отанына оралу үшін билік өкілдеріне берілуді шешкені белгілі. Өзінің әрекетімен ол басқа содырларға олардың одан әрі террористік белсенділік аймақтарында болудың келешегі жоқ екенін көрсетпек болды», – делінген ҰҚК хабарламасында.
Оны Түркиядан Қазақстанға ҰҚК қызметкерлері жеткізген. Елге келгеннен кейін ол қамауға алынған.Елге келгеннен кейін оған қатысты Қылмыстық кодекстің 257-бабы (террористік топ құру, оған басшылық ету және оның әрекетіне қатысу) бойынша қылмыстық іс тергеу жұмыстары басталды. ҰҚК хабарлауынша, тергеу барысында оның Түркия билігіне ерікті түрде берілгені ескерілетін болады.
2018 жылы бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың шешімімен ҰҚК 2018-2022 жылдар аралығында жүзеге асыратын мемлекеттік бағдарлама бекітіп, қазақстандықтарды Сирия мен Ирактан қайтару туралы жұмысты бастап кетті. Сол жылы бастау алған операция «Жусан» деген айтқа ие болды.
Соғыс аймағынан елге оралған Қазақстан азаматтарының біршамасы реабилитациядан өтіп, қоғамға бейімделді. Ал соғыс аймағында террористік топ құрамында болды деген күдікке ілінген азаматтар қамауға алынды.