Жаңалықтар

Стартап қандай кезеңдерден тұрады?

Әлдебір бизнес-идеяның сыналып, сәтті іске аса ма, жоқ па деген болжамын тексеру үшін жасалатын жобаны стартап дейді. Толағай табысты бірден әкелетін толыққанды бизнес түрі болмағанымен, сервис не өнімге тест жасауға таптырмас кәсіп. Өйткені жұмыс барысында клиентті қаншалықты қызықтыратыны байқалады. Олай болса, стартаптың құрылған сәтінен бастап, шарықтау шыңына жеткенге дейін қандай кезеңдерден өтетініне тоқталайық.

Стартап кезеңдері

Көз алдыңызға елестету оңай болу үшін стартап бастауды диқандардың жұмысына ұқсатып сипаттауға болады. Егін екпес бұрын дән себетін жерді дайындап, одан сеуіп, оған күтім жасап, кезі келген кезде орып алып, пайдаға кенеледі. Стартапта да солай. Диқандар жер таңдағанда қателеспеуге тырысады. Өйткені құнарсыз топырақ не қолайсыз ауа-райы оның жаздай еңбегін жоққа шығаруы мүмкін. Ал стартап бастаған адам жобаны болжам не идея түрінде ойластыруды қолға алады. Әлбетте, күзде егін оратын кезде сепкен тұқымнан тү шықпауы мүмкін болатынындай, стартапта да идеяңыз іске аспай қалуы мүмкін. Алғашқыда барлығы дерлік өз түйсігіне сүйеніп бастайды. Жас стартапшылар көбіне идеяны барынша жақсылап ойластыру керек деп ойлайды. Ал тәжірибелі инвесторлар іске асыру барысында сапаға мән берсе, бәрі сәтті жалғасады дейді. Мұндай қарама-қайшы ойды жиі кездестіреміз. Мәселен кейінгі жылдары ел аузынан түспей жүрген Tesla компаниясының The Roadster деген электрокарының алғашқысы сонау 2006 жылы жасалған. Бірақ инвестор Илон Маск сапалы шықсын деп презентацияны бірден жасай салмай, жетілдіріп, өзгеріс енгізе берген. Әрине, оның бұл қылығы компанияның негізін қалаушыларға ұнамай, тіпті арада үлкен кикілжің орнады. Бірақ түптің түбінде бәрін дұрыстап, әр деталіне мән бергеннің арқасында Tesla әлемді дүр сілкіндірген жаңалыққа айналды. Электрокар десе, ойға бірден Tesla келетіні де содан. Яғни идея жақсы болғанымен қатар, оның іске асырылу кезеңіне де жауапкершілікпен қараған абзал.  

Pre-seed. Бұл әлі дән сеуіп бастамаған кезең іспеттес. Стартапшылар бизнес-жобаның идеясын пысықтап, қарастырады. Айталық, клиенттердің өмірін жеңілдетуге болатын бір жол табылды. Енді сол идеяны ойластырып, прототипін жасау керек. Ол үшін бизнес-жоспар жасалады, команда жасақталады. Осылайша көрініс айқындала бастайды. Компанияның дүниеге келу сәті деп айтса болады. Әрмен қарай жобаны дамытудың бірнеше жолы бар. Мысалы бірі инкубатор не акселераторға қосылып, тәжірибелі менеджерлердің қол астында идеясын жүзеге асыруға бекінеді. Енді бірі мықты кәсіпкерді ментор етіп алып, даму жолына түседі. Одан қала берді ешкімнің көмегінсіз де бастап кететіндер болады. Жалпы алғанда жобаның қаншалықты сәтті болатынын бұл уақытта дәл бағамдау қиын. Әйтсе де, ерекше идеяларды қаржыландыруға келісетін, тәуекелге бас тігетін бизнес-періштелер табылып қалуы да мүмкін.        

Seed. Бұл енді нағыз дән себетін кезең. Идеяны бекіттіңіз, енді соны жетілдіруге кірісесіз. Ол үшін нарықты зерттеп, бәсекелестерге қарайлайсыз. Даму жоспарын құрастырып, ресурстарды дайындайсыз. Көпшілігі осы Seed кезеңінде қаржыландыратын инвестор іздеуге кіріседі. Стартапта қиын кезең деп осы шақты айтуға болады. Өйткені өте ұзақ уақыт алады. Енді бастаған стартапшыға 1-2 жыл бойы бір идеяны пысықтау оңай емес. Арасында өзгерістер енгізіп, «пивот» яки стартап не бизнес-идея бағытын ойламаған жерден ауыстырып тастауыңыз да мүмкін. Себебі жұмысқа кіріскен соң көп дүние айқындалып, жобаны құтқару үшін бастапқы идеяны өзгертуге тура келуі мүмкін. Тіпті бір емес, бірнеше рет осылай істеуіңіз де ғажап емес. Олай дейтініміз, дән себетін кезде бизнес-модельдің қаншалықты өміршең болатыны сыналады. Басында ойлағаныңыз орындалмай, іске аспаған кезде бағыт өзгерту қажет болып қалып жатады. Сондықтан стартапшы мен оның командасына бұл кезеңде асқан сабыр керек. 

Стартапта «өлім алқабы» деген кезең бар. Өте қорқынышты естіледі, рас. Бірақ осы белгісіздік кезеңінен өткен соң стартаптың әрмен қарайғы жағдайы білінеді. Көбіне жартысына жуығы осы кезеңде жабылып, тоқтап қалады. Оған бірнеше жағдай әсер етеді.  

  • Стратегияға келгенде шашырап кетеді. Стартапшылар көбіне барлығын қамтуға тырысып, ең маңызды деген дүниелерге тиісті мән бермей қалып жатады. Яғни жобаның даму стратегиясын шегелеп алмай жатып, инвестор іздеп не өздігімен қаражат табуға тырысып, сол шаруға көбірек ден қояды. Соның кесірінен жоба «шикі» болып қалады.
  • Міндеттерді дұрыс бөле алмайды. Стартапта ең маңыздысы — команда. Айрандай ұйыған ұжым болмаса, сәтті іске аспайды. Идея авторының басқаға сенбей бүкіл жауапкершілікті өзіне ала беруі не билікке құмар болып, ашкөздікпен қарауы стартаптың күлін көкке ұшыруы мүмкін. Сондықтан барлығын «өзім істеймін» дей бермей, артынан адам ерте алғаны жақсы. Идеяны жүзеге асыруға құмар болып тұрған, жалынды 2-3 адам таба алғаныңыз — үлкен жеңіс. Іштарлық жақсы қасиет емес. Бөліспеу үшін бәрін иығыңызға арта берсеңіз, түгел жоба түкке жарамсыз болып қалуы мүмкін. Стратегиялық тұрғыда ойлана біліңіз. Басы артық шаруаны мойныңызға ала бермегеніңіз дұрыс.

Launch. Ең қиын кезеңді артқа тастадым екен деп арқаны кеңге салуға асықпаңыз. Өйткені сізді жауапкершілік жағынан еш кем түспейтін келесі кезең күтіп тұр. Бұл шақта сіз барлық назарыңызды өнімді жақсартып, команданы кеңейтуге қоюыңыз керек. Қайтадан инвестор іздей бастайтын кезеңге келіп жеттік. Бұған дейінгілерден сәтті өтіп келе жатқандықтан, сізге сенетіндер көбейеді. Қаражат тарту да жеңілдей түседі. Тіпті өзіңіз іздемей, сізге ұсыныспен шығатындар саны артады. Осылайша ішінен қайсысын таңдаса болады деген оймен басыңыз қатады.

Scale. Кеңейген шаққа қадам бастыңыз. Бұл уақытта командаға мықтыларды жинап, ұжым мәдениетін қалыптастыру жайлы ойлана бастайды. Қаржы есебін жасап, бюджетті бөлуге де баса назар аударатын кезең. Ауқым кеңейген соң бюрократияның да көбейетіні белгілі. Одан қашып құтыла алмассыз. Десе де, командаңыз мықты болса, қиын түгі жоқ. Бастысы, командаңыздың құлшынысы жоғары болуы керек. Өйткені сізден басқасы өнім үшін күйіп-піспейтін болса, қолданушыларды қалай тартады?  

Maturity. Әбден қанатыңыз қатайып, ауқымыңыз кеңейіп болған кезең. Енді статус «стартап» емес, толыққанды компанияға ауысады. Турбулент аймақтан шығып, барлығын айқын көре бастайсыз. Бұған дейін болған белгісіздік те жоғалады. Ұзақ мерзімге стратегия құрып, компания масштабын арттыру туралы ойлайсыз. Ел ішінде, тіпті шетелде филиал ашу туралы ойланып, сапаны арттыруды қарастырасыз.  

Есте ұстайтын жайттар

          Стартаптың дені алғашқы жарты жылда-ақ іріктеліп, жабылып тынады. Бұл кезеңді «өлім алқабы» деп атайтынын айттық. Олай болмас үшін, мына сауалдарда басында өзіңізге қойып көріңіз.

  • Неге мен бұл идеяны алып отырмын? Сізге жаңа идея келді. Оны сізге дейін неге ешкім іске асырмаған? Жан баласының басына келмеген ой ма, әлде өміршең болмайтын ой ма? Ал енді нарықта сіздікіндей идеясын іске асырып жатқандар болса, сіздің олардан қандай ерекшелігіңіз бар? Неге клиент оларды емес, сізді таңдайды? Осыны ойланыңыз.   
  • Нарық қаншалықты ауқымды? Бұл өте маңызды. Өйткені нарықтың көлеміне қарай сіздің мүмкіндігіңіз де белгілі болады. Ниша технологияларға баса назар аударатын компаниялар сізді «жұтып» жіберуі мүмкін. Ал шағын нарықты алсаңыз, ол жерде табатын табыс та мардымсыз болуы ғажап емес. Стартаптың жартысына жуығы осы нарықты дұрыс зерттемегеніңіз кесірінен тоқтап қалады.  
  • Команда жұмылған жұдырықтай жұмыс істей ала ма? Бұған дейін айтқанымыздай, стартапта бастысы — адамдар. Көбіне компания басшысына деген сенім, құрмет маңызды рөл ойнайды. Егер команда жетекшіге сенетін болса, бәрі жақсы болады.
  • Бар уақытымды арнай аламын ба? Айтқандай, стартап — толыққанды бизнес емес. Табыс әкелмеуі де ғажап емес. Сондықтан негізін қалаушылар да, команда да осы идеяны іске асыруға уақыт таба алатын болуы керек. Уақытын сарп етпесе, одан ештеңе шықпайды.
  • Өнім туралы бәрін білемін бе? Стартаптың негізін қалаушы үшін бұл аса маңызды екені айтпаса да түсінікті. Өйткені өз өнімін өзінен артық ешкім түсінбейді. Егер осы сауалдың бәріне жауабыңыз дайын болса, негіздей алсаңыз, демек идеяңыздың сәтті іске асырылу ықтималы артады деген сөз.