Жаңалықтар

«ҚазМұнайГаз» «Астрахань-Маңғышлақ» су құбырының құрылысына 20 млрд теңге қарыз алмақ

Фото: kaztransoil.kz

«ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы «Астрахань-Маңғышлақ» су құбырының құрылысына 20 млрд теңге қарыз тартпақ. Компанияның директорлар кеңесі осы мақсатта жылдық 0,5%-бен 20 млрд теңге сомасына он жылдық облигациялар шығару туралы шешім қабылдаған. Бұл жайында ҚМГ-ның Қазақстан қор нарығына жолдаған ақпаратында жазылған.

Номиналды құны 1000 теңге болатын облигациялардың айналым мерзімі негізгі борышты өтейтін екі жылдық жеңілдік кезеңін қоса алғанда – 10 жыл. Купондық қамтамасыз етілмеген бағалы қағаздардың сыйақысы жылына екі рет: 1 сәуір және 1 қазанда төленеді.

Компания жиналған қаражатты Қиғаш өзенінен Атырау және Маңғыстау облысының тұрғындарына су жеткізетін «Астрахань-Маңғышлақ» магистральдық су құбырын (бірінші кезең) қайта жаңарту және кеңейту жұмыстарына жұмсайды. Жобаны «Магистральдық Суағызғы» ЖШС  компаниясы («ҚазТрансОйл» АҚ-ның еншілес ұйымы) жүзеге асырып жатыр.

«ҚазТрансОйл» компаниясы да 7 қарашада компанияның директорлар кеңесі жылдық 0,5 пайызбен 20 миллиард теңгелік он жылдық облигациялар шығару туралы шешім қабылдағанын хабарлады.

Cәуір айында «Магистральдық Суағызғы» компаниясы Ұлттық қордан облигациялық қарыз түрінде 50 млрд теңге алатыны хабарлады. Бұл қаражат «Астрахань-Маңғышлақ» магистральдық су құбырын жаңарту және кеңейтуге жұмсалмақ.

Өз кезегінде «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ дағдарысқа қарсы қаражат беру үшін «Магистральдық Суағызғы» ЖШС-на облигациялық қарыз түрінде «Самұрық-Қазына» АҚ-дан облигациялық қарыз тартады. «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Директорлар кеңесінің 2023 жылғы 14 наурыздағы шешіміне сәйкес, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ 50 млрд теңгеге облигация шығарды.

Қазақстан Республикасының экономикасын жаңғырту мәселелері жөніндегі мемлекеттік комиссияның 2022 жылғы 30 желтоқсандағы шешімімен жобаны іске асыруға «Самұрық-Қазына» АҚ Ұлттық қордан 70 млрд теңге көлемінде дағдарысқа қарсы қаражат бөлді. «Самұрық-Қазына» АҚ 2023 жылы «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ-ға осы қаражатты 50 млрд теңге және 20 млрд теңге сомасына екі облигациялық қарыз түрінде беруді жоспарлап отыр. Алынған дағдарысқа қарсы құралдарды «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ «Магистральдық Суағызғы» ЖШС-на ұқсас облигациялық қарыз түрінде берді.

Наурыз айында «ҚазТрансОйл» АҚ Бас директоры Талғат Құрманбаев «Астрахань – Маңғышлақ» магистральдық су құбырын жаңғырту 2023 жылдың соңында аяқталады деп мәлімдеген.

«Магистральдық суағызғысы» ЖШС қызметінің 2022-2027 жылдарға арналған тарифі реттеліп көрсетілетін қызметтерге кететін және жобаны жүзеге асыруға жұмсалатын шығынды жаппайтыны айтылды. Сол үшін «Магистральдық суағызғысы» ЖШС тарифті қайта қарастырып жатқанын хабарлады.

Қазан айында«Астрахань – Маңғышлақ» магистральды су құбырын модернизациялау аясында гидравликалық сынақ жұмысы басталды.

«Астрахань – Маңғышлақ» магистральдық су құбыры – стратегиялық маңызды нысан. Атырау облысының Құрманғазы, Исатай және Жылыой аудандарының тұтынушылары үшін, сондай-ақ Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласы, Бейнеу, Маңғыстау, Қарақия және Түпқараған аудандарына су жеткізетін жалғыз су құбыры. Маңғыстау облысы халқының 35%-дан және Атырау облысы халөының 28%-дан астамы осы құбырдан су алады. Жыл сайын халықтың су тұтыну көлемі 4-5%-ға артып келеді.