Фото: kursiv.media
Бас прокуратура шетелге шығарылған активтерді іздеу, заңсыз схемаларды әшкерелеу үшін жасанды интеллектіні пайдаланады. Бұл туралы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында болған Бас прокурор Берік Асылов мәлімдеді.
Ақорданың хабарлауынша, Бас прокурор Президентке еліміздегі заңдылық пен құқықтық тәртіптің жай-күйі, сондай-ақ қадағалаушы органның қызметіндегі басым бағыттар жөнінде мәлімет берген.
«Берік Асылов заңсыз иемденілген активтерді қайтару үшін қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады. Шетелге шығарылған активтерді іздеу, заңсыз схемаларды әшкерелеу үшін жасанды интеллектіні пайдалану арқылы IT технологияларды қолданатынын айтты», – делінген хабарламада.
Сонымен қатар, Берік Асылов маңызды инвестициялық жобаларды құқықтық тұрғыдан қолдау жұмыстары жөнінде ақпарат берген. Прокурорлар 900-ден астам инвестициялық жобаны бақылауға алып, қазірдің өзінде 41 инвестордың түйткілді мәселелері шешімін тапқан.
Бас прокурордың айтуынша, үш буынды модель аясында кәсіпкерлерді қылмыстық қудалау 3 есе қысқарған. Жалпы, еліміз бойынша 1041 тұлғаның негізсіз қылмыстық қудалауға тартылуына жол берілген жоқ. Конституциялық құқық бұзушылықтар саны 29 пайызға қысқарған
Сонымен қатар Берік Асылов азаптауға қарсы іс-қимыл шаралары жөнінде баяндаған. Мұндай әрекеттердің алдын алу үшін 54 түзету мекемесінде 29 мың бейнекамера орнатылған, сәйкесінше азаптау фактілеріне шағымдану да 94-тен 17-ге дейін азайған. халықаралық ынтымақтастық бағытында атқарылған жұмыстардың нәтижесін таныстырды. Атап айтқанда, биыл шетелден ауыр және аса ауыр қылмыс жасады деп айып тағылған 40 адам экстрадицияланды. Жалпы Қазақстан қылмыстық-құқықтық сала бойынша алыс шетелдің 34 мемлекетімен 74 шартқа қол қойылған.
2023 жылдың 12 шілдесінде Президент «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» Заңға қол қойғаны белгілі. Соның негізінде арнайы комиссия және «Қайтарылған активтерді басқару компаниясы» құрылды. Комиссияның құрамына Үкімет мүшелері, құқық қорғау органдарының басшылары, Парламент депутаттары мен қоғам қайраткерлері бар.
Заңсыз шығарылған активтерді қайтарумен Бас прокуратура айналысады. Комиссияның уәкілетті органы – ҚР Бас Прокуратурасының Активтерді қайтару комитеті.
Ал Қаржы министрлігі түскен активтерді басқару тәртібін әзірлеген. Соған сәйкес Қазақстаннан заңсыз шығарылған активтерді жалға алуға болады.
Үкімет «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» заң адал инвесторларға әсер етпейді деп мәлімдеді.