Болат Назарбаев қайтыс болды

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы

Алматы қаласында бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың інісі, кәсіпкер Болат Назарбаев қайтыс болды. 71 жастағы Болат Назарбаевтың қайтыс болғаны туралы ақпаратты Алматыдағы Орталық клиникалық аурухананың баспасөз қызметі растады.

«2023 жылдың 13 қарашасында сағ. 09.51-де Болат Назарбаев қайтыс болды», – деп хабарлады Орталық клиникалық аурухананың баспасөз қызметі.

«71-ге қараған шағында созылмалы ауырудың салдарынан ҚР тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың туған інісі Болат Әбішұлы Назарбаев қайтыс болды», – деп жазды тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың баспасөз хатшысы Айдос Үкібай.

Болат Назарбаев 1953 жылы 23 наурызда Алматы облысы Қарасай ауданы Шамалған ауылында дүниеге келген. Ол Назарбаевтар отбасының кенже баласы. Үлкен ағасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның тұңғыш президенті болса, екінші ағасы Сатыбалды Назарбаев 35 жасында қайтыс болған. Әпкесі Әнипа Назарбаева жеке кәсіппен айналысатыны белгілі.

Ашық дереккөзінде техникалық училище бітірген Болат Назарбаев совхозда механик болғаны, кейін Нұрсұлтан Назарбаев 1989 жылы Қазақ ССР Компартиясының бірінші хатшысы болғанда ол Қаскелең нан зауыты директорының орынбасары болып жүрген жерінен жеке кәсіпке бет бұрғаны белгілі.

2000 жылы Қарағанды қаласында «Фемида» заң институтынан «Заңгер» мамандығы дипломын алған. Сол жылдары «Қазақмыс» компаниясының директорлар кеңесі мүшесіне айналып, кейін БАҚ осы туралы зерттеу жасағанда тізімнен жоғалып кеткен.

KASE мәліметіне қарағанда, Болат Назарбаев 2014 жылғы 1 қыркүйектегі есеп бойынша Bank RBK банкінде 7,83 пайыз үлесі бар жаңа акционер деп көрсетілген.

Азаттық радиосы жазуынша, 2019 жылы Болат Назарбаевтың сол кездегі Алматы облысындағы (қазір Жетісу облысы) «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастық халықаралық орталығын бақылап отырғаны туралы ақпарат тараған.

Назарбаев інісінің негізгі активтері Алматы облысы Қарасай ауданы мен Алматы қаласында жинақталған. Алматыдағы «Алтын орда» мен «Барлық» базары және «Барыс» көлік базары, «Үшқоңыр» сауда орталығы Болат Назарбаевқа тиесілі болған. Алматы қаласындағы «Никольский» базарын сүру жұмыстарын жүргізу туралы дау туындағанды оның иесі Болат Назарбаев деген ақпарат тараған.

Информбюро сайтына берген сұқбатында «Жұрт ағасы көмектеседі деп ойлайды. Мен ол кісіден осы уақытқа дейін мына жерде жұмыс істегім келеді деп қызмет сұраған емеспін. Адамның басы жұмыс істесе фамилия да жетеді, әрі қарай өзім алып кеттім» деген еді.

Ашық дереккөздерінде Болат Назарбаевтың үш баласы туралы ақпарат бар. Олар Гүлмира Әбішева, Құндыз Назарбаев, Нұрбол НазарбаевГүлмира Әбішева мен Нұрбол Назарбаев құқық қорғау органдарында жұмыс істеген. 

4 қарашада экс-президенттің туған інісі, Болат Назарбаевтың денсаулығы күрт нашарлағаны туралы ақпарат таратты.

Осы жылдың наурыз айында Жоғарғы Соттың азаматтық істер жөніндегі сот алқасы Болат Назарбаевты «Алматы ауыр машина жасау зауыты» АҚ акцияларының 31,9 пайызын мемлекетке қайтаруға міндеттегені хабарланды. 

Болат Назарбаевтың меншігінде болған «Барыс» базары мемлекет меншігіне қайтарып алынған. Назарбаев базарды қайтарып алуға арыз бергенімен, Азаматтық істер жөніндегі апелляциялық сот оның талабын қанағаттандырмады

Ақтөбе облысының ауданаралық экономикалық соты Болат Назарбаевтан 19 млн 451 мың теңге өндіріп алу туралы шешім шығарды.

Сондай-ақ оқыңыз