Жаңалықтар

Үкімет такси жүргізушілердің жұмысын бақылауға алып, рейд жүргізеді

Үкімет фото және видео тіркеу камералары арқылы тұрақты түрде жолаушыларды заңсыз тасымалдап жүрген жүргізушілерді анықтауды жоспарлап отыр. Бұл туралы депутаттар сауалына жауап берген премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр айтты.

Склярдың депутаттар сауалына берген жауабына сүйенсек, биыл Көлік және жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы уәкілетті мемлекеттік органдар арасында заңсыз жолаушылар тасымалын жою жөніндегі бірлескен Жол картасы қабылданды. 

«Оның шеңберінде заңнаманың белгіленген талаптарына сәйкестігін тексеру үшін заңсыз тасымалдаушылардың стихиялық тұрақтарына рейдтік іс-шаралар жүргізу, таксиге тапсырыс берудің мобильдік қосымшаларының қызметін бақылауды ретке келтіру, фото және видео тіркеу камералары арқылы тұрақты негізде жолаушыларды заңсыз тасымалдауды жүзеге асыратын автокөлік құралдарын анықтау жоспарлануда», – делінген Склярдың жауабында.

Бұл тек тіркелмеген, заңсыз такси жүргізушілеріне қатысты. Негізі Қазақстанда жұмыс істейтін ірі такси агрегаторлары бар. Яндекс GO, inDrive, Region, Aparu taxi мен Uber таксилері жалпы нарықтың 97% қамтып отыр.

Бұдан бөлек,  Шымкент, Семей, Қызылорда қалаларының муниципалды автобус парктерін бәсекелестік ортағы беру туралы жол картасы қабылданған. Алматы мен Ақтөбе қалаларында да осындай жоба жасау талқыға түсіп жатыр.

Осыған дейін Қазақстанда «Яндекс.Такси» жүргізушілері ресми түрде тіркеуге тұра алатынын жазған едік. Астана және Алматы қалаларында пилоттық жобаны Мемлекеттік кірістер комитеті іске қосты.