Жаңалықтар

Тұрмыстық зорлықтан зардап шеккендерді қолдауға емес, осындай қылмыс үшін сотталғандарды қамтамасыз етуге мол қаржы жұмсалады – зерттеу

коллаж: kursiv.media

Тұрмыстық зорлық-зомбылық айыбымен сотталғандарды қамтамасыз ету шығыны зорлық-зомбылық құрбандарын қолдауға кететін қаржыдан екі есе көп.

2022 жылы Зерттеу Research институты Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күреске қанша қаржы бөлініп, ол қаржының қандай мақсатта жұмсалып жатқаны туралы зерттеу жұмысын жариялаған.

Зерттеу жұмысы 2021 жылғы мәліметтерге сүйеніп жасалған. 2021 жылы мемлекет тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күресу үшін 4,5 млрд теңге жұмсап, оның тек 765 млн теңгесі (17%) тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету мен зорлық-зомбылық профилактикасы әлеуметтік жобаларына жұмсалған.

Зерттеу Research

Негізі бюджеттен бөлінген 4,5 млрд теңгенің 2,9 млрд теңгесі (66%) құқық қорғау органдарымен сот жүйесінің жұмысына кетсе, зорлық-зомбылықпен күреске 1,5 млрд теңге (34%) жұмсалған. Бұл қаржының тек 765 млн тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен жандар бара алатын дағдарыс орталықтарындағы әлеуметтік қызмет түрлеріне кеткен. Ал 744 млн әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғайтын инспекторларды ұстауға, 25 млн профилактикаға жұмсалған.

Зерттеу Research

Есепке сүйенсек, тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша күдіктілерді қамауда ұстауға 79 млн теңге, сот шешімінен кейін сотталғандарды қамтамасыз етуге 1,5 млрд теңге кетеді. Ал зардап шеккен адамдар бара алатын Дағдарыс орталықтарын қаржыландыруға бұдан екі есе аз қаржы қарастырылған, 765 млн теңге.

Зерттеу Research

102 пультіне түскен қоңыраудан бастап, зардап шеккен адамды қорғауға алуға дейінгі полицияға кететін шығынның өзі 1,4 млрд астам. Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа профилактика жасау үшін полицияға 4,5 млрд 29% берілсе, ҮЕҰ арнайы грант ретінде 1% ғана бөлінеді.

Зерттеудегі мәліметке сүйенсек, Дағдарыс орталықтары зорлық-зомбылық құрбандарының 15%-ына ғана жетеді. Еліміздегі 234 ауданда бар болғаны 36 дағдарыс орталығы бар. Олардың көп бөлігі орталықта орналасқандықтан, алыс аймақтағы азаматтар оған жете алмайды. Зорлық құрбандарын орталыққа тасымалдау қызметтері жоқ.

Зерттеу Research

Дағдарыс орталықтарына ең көп қаржы жергілікті бюджеттен қарастырылады, жалпы соммасы 537 млн теңге. Ал өңірлер бойынша ең көп қаржыландырылған аймақтар: Қарағанды облысы 125 млн теңге, Алматы қаласы 94 млн теңге, БҚО 80 млн теңге. Ең аз қаржы қарастырылған аймақтар: Маңғыстау облысы 2 млн теңге, Жамбыл облысы 3 млн теңге, Павлодар облысы 6 млн теңге. (Шымкент қаласы туралы ақпарат берілмеген).

Зерттеу Research

Заң бойынша зорлық-зомбылыққа куә болған балалар зорлық-зомбылық құрбаны деп қарастырылмаған. 2021 жылғы көрсеткішке сәйкес, Дағдарыс орталықтарына келген 2 357 адамның ішінде 61%-і балалар.

Зерттеу Research

2021 жылы отбасылық-тұрмыстық қарым-қатынастар саласындағы құқық бұзушылық жөнінде 44 мың әкімшілік іс сотта қаралса, оның ішінде 17 мың адамға әкімшілік қамауға алу түріндегі үкім шыққан. Статистикаға сүйенсек, әр үшінші арыз ғана сотқа жетіп, әр алты арыздың біреуіне ғана тұрмыстағы зорлық-зомбылық жасаған адамды қысқамерзімді әкімшілік қамауға алу туралы шешім қабылданған.