Қазақстандықтарды Газа секторынан эвакуациялау басталды – СІМ

Жарияланды
Қазақстан азаматтарын Газа секторынан эвакуциялау басталды / Фото: shutterstock

Қазақстан азаматтарын Газа секторынан эвакуация басталды. Бұл туралы Сыртқы істер министрінің ресми өкілі Айбек Смадияров хабарлады.

«Қазақстанның Мысырдағы, Иорданиядағы және Израильдегі елшіліктердің үйлесімді және нақты іс-қимылдарының арқасында біздің отандастарымызды Газа секторынан эвакуациялау басталды. 13 қарашада 44 азаматтан тұратын бірінші топты эвакуациялау басталған. Бұл топта Қазақстанның 40 азаматы және олардың 4 шетелдік отбасы мүшелері кіреді», – деді Смадияров.

Смадияровтың айтуынша, Газа секторынан азаматтарды Қазақстаннан басқа 9 ел эвакуациялап жатыр. Бұл тізімде Маракко, Иордания, Ресей, Испания және Швеция, Нидерланды, Перу, Ұлыбритания, АҚШ бар.

«Эвакуация Газа секторы мен Мысыр арасында орналасқан «Рафах» өткізу пунктінен іске асырылады. Барлығы «Рафах» бекетінен 594 адам өтеді. Пунктен өткеннен кейін Қазақстан азаматтары Каирге автокөлікпен жеткізіліп, қонақүйге орналастырылады. Содан кейін Қазақстанға жеткізіледі», – деді СІМ ресми өкілі.

Бұған дейін, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Израиль Мемлекетінің Сыртқы істер министрі Эли Коэнмен телефон арқылы сөйлескенін жазған едік.

Мұрат Нұртілеу израильдік әріптесіне Газа секторындағы Қазақстан азаматтарын эвакуациялауға жәрдемдесу туралы сенімді өтініш білдіріп, бұл міндеттің еліміз үшін бірінші кезектегі басымдық екенін атап өтті. Ол сондай-ақ Э. Коэнді қазақстандықтардың Отанымызға тезірек оралуы бойынша Мысыр билігімен жүргізіліп жатқан жұмыс барысы туралы хабардар етті.

 Сыртқы істер вице-премьер – министрі Мұрат Нұртілеу сенбі күні Сауд Арабиясының астанасында өткен Араб Мемлекеттері Лигасының (ЛАГ) және Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының (ИЫҰ) кезектен тыс бірлескен саммитіне қатысқанын хабарлаған едік. СІМ басшысы Қазақстанның 150-ден астам азаматы, оның ішінде қазіргі уақытта Газа секторында жүрген әйелдер мен балалар Рафак бақылау-өткізу пункті арқылы шыға алмайтынына алаңдаушылық білдірді. 

«Мен бұл мүмкіндікті пайдалана отырып Египетті және барлық қатысушы тарапты, Қазақстан азаматтарын, олардың отбасы мүшелерін және басқа да шетелдіктерді Газа секторынан сөзсіз эвакуациялауға шақырамын. Біз бұл азаматтарға Рафакты кесіп өтуге рұқсат етілгеннен кейін бірден Қазақстанға эвакуациялануы үшін шаралар қабылдадық», — деп атап өтті Мұрат Нұртілеу. 


Сондай-ақ оқыңыз