Жаңалықтар

Тоқаев Болат Назарбаевтың жерлеуіне қатыспайды

Тоқаев Назарбаевқа інісі Болат Әбішұлының өліміне қатысты көңіл айтты / akorda.kz және saliqaly.kz

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Нұрсұлтан Назарбаевқа інісі Болат Әбішұлының қайтыс болуына байланысты көңіл айтты. Бұл туралы мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Берік Уәли хабарлады.

«Мемлекет басшысы бірінші президент Нұрсұлтан Назарбаевқа інісі Болат Назарбаевтың қайтыс болуына байланысты көңіл айтты», деді Уәли журналистерге.

Сонымен қатар, Берік Уәли президенттің жерлеу рәсіміне қатыспайтынын мәлімдеді.

Естеріңізге саламыз, дүйсенбі күні таңертең экс-президенттің інісі Болат Назарбаевтың дүниеден өткен туралы ақпарат тарады. Нұрсұлтан Назарбаевтың баспасөз хатшысы Айдос Үкібаев бұл ақпаратты әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады.

Осы жылы 4 қараша күні кейбір бұқаралық ақпарат құралдары экс-президенттің туған інісі, Болат Назарбаевтың денсаулығы күрт нашарлағаны туралы ақпарат таратқан болатын.

Экс-президент Нұрсұлтан Әбішұлы төрт ағайынды. Оның екі інісі, бір қарындасы бар. Болат Назарбаев Нұрсұлтан Әбішұлының кенже інісі. Оның ортаншы ағасы Сатыбалды Назарбаев 1981 жылы көлік апатынан қайтыс болған. Қарындасы Әнипа Назарбаева ақпарат құралдарындағы деректерге қарағанда бірнеше кәсіпорынға иелік етеді.

Қыркүйек айының басында «Үшқоңыр су шаруашылығы колледжі» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны сот арқылы Әнипа Назарбаеваның иелігінен алып, мемлекет меншігіне қайтарылғаны хабарланды.

Сатыбалды Назарбаевтың екі ұлы Қайрат Сатыбалды мен Самат Әбіш мемлекеттік қызметтер атқарған болатын. 2022 жылы «Қанды қаңтар» оқиғасынан кейін, сол кезде ҰҚК төрағасының орынбасары Самат Әбіш қызметінен кетті. Кейіннен оған қатысты тергеу жүргізіліп жатқаны хабарланды.

«Бас прокуратураның Арнайы прокурорлары Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бұрынғы бірінші орынбасары Самат Әбішке қатысты «қаңтар оқиғалары» кезінде билік пен лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізуде», делінген хабарламада.

Ал, 2022 жылдың қыркүйек айында Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалдыұлы 6 жылға бас бостандығынан айырылды. Оны генерал-майор шенінен, сондай-ақ «Құрмет» және «Парасат» ордендерінен айырылу туралы шешім қабылданды.

Қайрат Сатыбалдыұлы мемлекеттік қызметте, сот, жергілікті атқарушы органдар, Ұлттық Банк, оның ведомстволық және мемлекеттік ұйымдарында, сондай-ақ жарғылық капиталында мемлекет үлесі бар ұйымдарда, ұлттық холдингтерге лауазымды қызмет ету құқығынан 10 жылға айырылды.