Бишімбаев мейрамханасы орналасқан орталықтың басшысы қамауға алынды: оған қатысты екі бап бойынша іс қозғалды
Астана қалалық полиция департаменті Салтанат Нукенованың өліміне қатысты «Гастро орталық» басшысын қамауға алды. Бұл жайлы департаменттің баспасөз қызметі хабарлады.
«Тергеу барысында Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 432 бабы (қылмысты жасыру) бойынша қылмыстық іс бөлек тіркелді. Осы бап аясында «Гастро орталығының» директоры уақытша ұстау изоляторына қамалды», делінген хабарламада.
Сонымен бірге департамент хабарламасында 434 бап бойынша, яғни қылмыс туралы хабарламау және сол баптың 119 тармағы, 3 бөлігі бойынша қауіпті жағдайда қалдыру фактілері бойынша қылмыстық іс қозғалғаны айтылған.
Астана қаласының полиция департаменті кісі өлтіру фактісі бойынша тергеу органдары оқиғаның барлық мән-жайын және нақты тұлғалардың кінәсін анықтауға бағытталған барлық қажетті шаралар кешенін жүргізіп жатқанын хабарлайды.
Тергеуді Астана қалалық полиция департаментінің Тергеу басқармасы жүргізіп жатыр және бұл іс Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі басшылығының бақылауында.
Марқұмның есімі Салтанат Нукенова. Ол небары 31 жаста болған. Ресми ақпаратқа сәйкес, әйел мейрамханада алған жарақаты салдарынан тіл тартпай кеткен.
Көпшілік бұл қайғылы оқиғаға соттың әділетсіздігін кінәлады. Желі қолданушылары Қуандық Бишімбаев заң бойынша өзіне тиесілі мерзімін толық отырып шыққанда, бұл әділетсіздік болмайтынын айтып жатты.
Қылмысы расталса, күдікті Бишімбаев 8 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.