Талдықорған қалалық полиция басшысы Марат Күштібаев әйел зорлады деген күдікпен қамауға алынды. Бұл жайлы Жетісу облыстық полиция басқармасының басшысы Атығай Арыстанов хабарлады.
«Талдықорған қалалық полициясының басшысы уақытша ұстау изоляторына қамалды. Ол 27 жастағы облыс орталығының тұрғынын зорлады деген күдікке ілінді. ҚР Қылмыстық кодексінің 120-бабының 2-бөлігі (қызметтік міндеттерін атқара отырып жасаған адам зорлау) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Мән-жайлар сотқа дейінгі тергеп-тексеру шеңберінде қажетті сараптамалар тағайындаумен тексеріліп жатыр. Қылмыстық іс тергеуі ҚР Ішкі істер министрлігі ерекше бақылауға алды», – деді басқарма басшысы.
Күдікті сонымен бірге көпшілікке боқтампаздығымен де танымал. Оның қызмет бабында балағат сөздер айтқаны талай мәрте әлеуметтік желіге тараған. Тіпті бір жағдайда қызметіннен аластатылған.
Алғашқыда Алматы облысы ІІД Әкімшілік полиция басқармасының бастығы қызметін атқарған ол 2016 жылы сол кездегі Алматы облысының (қазір Жетісу облысы) әкімі Амандық Баталовтың өкімімен Алматы облыстық ІІД жергілікті полиция қызметінің бастығы болып тағайындалған. Алайда бұл жұмысынан балағат сөздер айтып, ол әлеуметтік желіде тарап кеткені себепті, сол кездегі кездегі министр Ерлан Тұрғымбаев қызметінен алып тастаған.
Бірақ сәтін салып, бұл қызметкер облыс екіге бөлінген кезді пайдаланып, жылы орнына қайта жайғасқан сыңайлы. Ал 2023 жылдың тамыз айында Күштібаевтың тағы да балағат сөздері жазылған аудио тарайды.
«Жіберілген аудиожазбаның расталғанын хабарлаймыз. Дауыс жазбасының ескі екені және ағымдағы жылдың қаңтар айында түсірілген видеоның бір бөлігінен көшірілгені анықталды, ол қазірдің өзінде қызметтік тексеруге алынған. Оның қорытындысы бойынша наурыз айында Талдықорған қалалық полициясының басшысы қатаң тәртіптік жауапкершілікке тартылды», – деп түсіндірген Жетісу облыстық ІІД баспасөз қызметі.