Бұрынғы Сенат депутаты «ҚазМұнайГаз» директорлар кеңесінің құрамына енді
«ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» АҚ директорлар кеңесінің құрамы өзгерді. 2019-2023 жылдары Сенат депутаты болған Асқар Шәкіров ҚМГ Директорлар кеңесінің мүшесі, тәуелсіз директор болып сайланды. Бұл шешім акционерлердің 6 қарашада өткізілген кезектен тыс жалпы жиналысында қабылданды. Акционерлер шешімі жайлы Қазақстан қор биржасына жолданған ақпаратта жазылған.
«Акционерлерің кезектен тыс жалпы жиналысын өткізу кезінде ҚМГ дауыс беретін акцияларының жалпы саны 610 071 023 құрады. Тіркеу журналына сәйкес, 2023 жылғы 6 қарашада 14 сағат 30 минуттағы жағдай бойынша (Астана уақыты бойынша) АКЖЖ – ға қатысу үшін 544 883 639 жай акцияны иеленетін 2 (екі) акционердің уәкілетті өкілі Коротков Иван Федорович тіркелді, бұл компанияның дауыс беретін акцияларының жалпы санының 89,31 % құрайды. Осылайша, «Акционерлік қоғамдар туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 45-бабы 1-тармағының талаптарына сәйкес АКЖЖ өткізу үшін кворум қамтамасыз етілді және АКЖЖ күн тәртібіндегі мәселелер бойынша шешімдер қабылдауға құқылы деп танылады», – ҚМГ хабарламасында.
ҚМГ Директорлар кеңесінің қазіргі құрамы биыл тамыз айында сайланған. ҚМГ Директорлар кеңесінің жаңа құрамы келесідей:
- Бердіғұлов Ернат Құдайбергенұлы, ҚМГ Директорлар кеңесінің төрағасы, «Самұрық-Қазына» АҚ мүддесін қорғайтын өкілі;
- Отыншиев Елжас Мұратович, «Самұрық-Қазына» АҚ мүддесін қорғайтын өкілі;
- Қарабалин Ұзақбай Сүлейменұлы, «Самұрық-Қазына» АҚ мүддесін қорғайтын өкілі;
- Мырзағалиев Мағзұм Маратұлы («ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы);
- Жұбаев Арманбай Сапарбайұлы, тәуелсіз директор;
- Арғынғазин Арман Әнуарбекұлы, тәуелсіз директор;
- Холланд Филип Малкольм, тәуелсіз директор;
- Мыңшәріпова Сая Найманбайкызы, тәуелсіз директор;
- Шәкіров Асқар Оразалыұлы, тәуелсіз директор.
Асқар Шәкіров бұған дейін Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйымының Парламенттік Ассамблеясы төрағасының орынбасары қызметін атқарды. Сондай-ақ Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты төрағасының орынбасары, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы болды.
Ұлттық компанияның 79,73 пайыз акциясына иелік ететін негізі акционері – «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры. 2023 жылдың 9 қарашасындағы жағдайға сәйкес, компания акциялары былай бөлінген:
- «Самұрық Қазына» – 79,73%
- Ұлттық банк – 9,58%
- Қаржы министрлігі – 7,69%
- Миноритарлы акционерлер – 3,00%.
Қазақстаның Ұлттық банкі қазан айында Ұлттық қор қаржысына «ҚазМұнайГаз» АҚ акциялары сатып алынғанын хабарлады. Валюта нарығы туралы ақпараттық хабарламада өткен айда республикалық бюджетке трансферт бөлу және ҚМГ акцияларын сатып алу үшін Ұлттық қордан 1,5 млрд АҚШ доллары сатылғаны жазылған еді. Кейін ҰБ баспасөз қызметі осы қаржының 500 млрд теңгесі ҚМГ акциларын сатып алуға жұмсалғанын нақтылады. Енді Ұлттық қордағы қаржыға сатып алынған 7,69 акцияға Қаржы министрлігі иелік ететін болды.
«2023 жылдың қазан айында Ұлттық банк өзінің сенімгерлік басқаруындағы Ұлттық қор қаражатынан 500 млрд теңгені пайдаланып, «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының акцияларын сатып алды.Алайда Ұлттық қор Үкіметтің, оның ішінде Қаржы министрлігі меншігінде, сондықтан сатып алынған акция енді Қаржы министрлігіне тиесілі», – делінген Ұлттық банктің «Курсивке» берген жауабында.