Қазақстанда 2024 жылы қандастар квотасы көбейеді
Жарияланды
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2024 жылы қандастарға және Қазақстанға қоныс аударушыларға берілетін өңірлік квоталардың санын қоғам талқысына шығарды.
Бұйрық жобасына сәйкес, 2024 жылы:
- Қандастарды қабылдауға арналған 2 433 өңірлік квота;
- Қоныс аударушыларды қабылдауға арналған 7 050 өңірлік квота бөлу жоспарланып отыр.
Өңірлік квота алған қандастар мен қоныс аударушыларға мемлекеттік қолдау көрсетіледі.
Айта кетейік, 2023 жылы қандастарға 1 925 квота, қоныс аударушыларға 6 727 квота берілген.
«Көші-қон туралы» заң бойынша квота бөлінген азаматтарға төмендегі қолдау шаралары көрсетіледі:
- Бейiмдеу және ықпалдастыру орталықтарында тегiн бейiмдеу және ықпалдастыру қызметтерiн көрсету;
- ҚР денсаулық сақтау саласындағы заңнамасына сәйкес медициналық көмек көрсету;
- ҚР азаматтарымен тең жағдайда мектептерде және мектепке дейiнгi ұйымдарда орындармен, Үкiмет айқындайтын көлемде техникалық және кәсiптiк, орта білімнен кейiнгi және жоғары бiлiм беретiн оқу ұйымдарына оқуға түсуге бөлiнген квотаға сәйкес бiлiм алу мүмкiндiгiн беру;
- ҚР азаматтарымен тең жағдайда әлеуметтiк қорғау;
- ҚР заңнамасына сәйкес жұмыспен қамтуға жәрдем беру.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің хабарлауынша, жыл басынан бері, 9 айдың ішінде 16 408 этникалық қазақ атамекенге оралып, қандас мәртебесін алды.