Нұрсұлтан Назарбаев тағы бір жаңа қор құрды
14 қыркүйекте Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Байтау дамыту қоры» жеке қорын құрды. Астана қаласының Әділет департаменті Назарбаевтың жаңа қорын заңды түрде мемлекеттік тіркеуге алған.
«Қазақстан, Астана қаласы, Есіл ауданы, көшесі Əлихан Бөкейхан, ғимарат 1, пошта индексі Z05C5X1» мекен-жайы бойынша тіркелген қор басшысы Батырханов Максим Батырханович деп көрсетілген.
Жаңа ашылған «Байтау дамыту қоры» жеке қорының нақты қандай бағытта жұмыс істейтіні белгісіз. Алайда жеке қор ретінде тіркелген өзге қорлардың қандай жұмыс істейтінін біле аламыз.
Forbes мәліметіне сүйенсек, 2022 жылы шілдеде Владимир Кимге тиесілі «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС «Люкс Сервис KZ» компаниясының 50% активін 1,3 млрд теңгеге сатып алғаны белгілі болған. Аталмыш компанияның екінші құрылтайшысы ретінде «Дирекция по управлению недвижимостью» ЖШС тіркелген. Өз кезегінде бұл компанияның иесі ретінде «Елбасы қоры» жеке қоры тіркелген. Оның құрылтайшысы – Нұрсұлтан Назарбаев. Директоры жаңа ашылған «Байтау дамыту қорының» директоры Максим Батырханов. Аталмыш екі қормен «Дирекция по управлению недвижимостью» ЖШС бір мекен-жайда тіркелген, Астана қаласы, Әлихан Бөкейхан көшесі, 1 ғимарат.
Жеке қорлар жеке тұлға немесе компания активтерін басқару үшін жұмыс жасайды. Жоғарыда көрсетілген мекен-жайда Назарбаев атымен аталатын тағы бір жеке қор бар, «Нұрсұлтан Назарбаев қоры» жеке қоры.
Осы мекен-жайда Назарбаевтың корпоративті қорлары да тіркелген, «Ел үміті қоры» корпоративті қоры, «Қамқорлық қоры» корпоративті қоры, «Тұңғыш президент музейі» корпоративті қоры.
Экс-президентке қатысы бар тағы бірнеше ұйым осы мекен-жайда тіркелген, «ҚР Тұңғыш президенті – Елбасы канцеляриясы» МБ, «Назарбаев орталығын дамыту дирекциясы» ЖШС және т.б.