Жаңалықтар

Болат Назарбаевты жерлеу рәсіміне кімдер қатысты?

Фото: Илья Ким

Алматы облысы Қарасай ауданы Шамалған ауылында экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың інісі Болат Назарбаевтың жерлеу рәсімі өтті.

Болат Назарбаевтың Шамалған ауылында жаназасы оқылып, ауылы маңындағы Шұбарат зиратында өзінің алғашқы әйелі Гүлжан Назарбаеваның жанына қойылды.

Нұрсұлтан Назарбаев бауырының қонағасына келіп, жерлеу рәсіміне қатысты. Әулет өкілдерінен бөлек, Үкімет мүшелері, облыс әкімдерімен, зейнеттегі шенеуніктер келді. Осыған орай Шамалған ауылының жолдары жабылып, Назарбаевтың үйін патрульдік полиция күзетке алды.

Марқұмның жаназасы сағат 11-де оқылды. Жаназаға қатысып шыққан Әбдімәжит Ташибаев бұл рәсімге премьер-министр Әлихан Смайыловтың да қатысқанын айтты.

«Мен осы жақтағы Қарғалы ауылында тұрам. Болат інім бізге бір жағы туыс, бір жағы құда. Бұл әулет бізден қыз алып отыр. Қазір ол кісіні әулеттің қорымына апара жатыр. Бұл қорым сол әулеттің өзіне тиесілі, шапыраштылар қорымы. Жаназаға ағасы қатысты. Ол кеше қонағасында да болды. Ол өзінің қайғысын айтып жатты. Жаназада Премьер-министр де болды», деді ол.

Ал енді тағы бір ауыл тұрғыны Назарбаевтың зейнетте болғаны себепті көп қыдырмайтынын бірақ соңғы кезде мешітке жиі баратынын айтты.

«Пенсионер болған соң көп қыдырмайды. Бірақ мешіттен көп көріп жүрміз», деді Қарғалы ауылының тұрғыны.

Ол өзінің Болат Назарбаев жайлы жақсы пікірде екенін жеткізді.

«Жалпы жаман жігіт емес. Енді істеген қателері бар шығар. Бірақ өзіңіз көріп отырсыз ғой, ештеңесін алып кеткен жоқ. Қалай келді, солай кетті»,- деді ауыл тұрғыны.

Дүйсенбі, 13 қарашада, Алматы қаласында бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың інісі, кәсіпкер Болат Назарбаев қайтыс болғаны белгілі болды. 71 жастағы Болат Назарбаевтың қайтыс болғаны туралы ақпаратты Алматыдағы Орталық клиникалық аурухананың баспасөз қызметі растады.

4 қарашада экс-президенттің туған інісі, Болат Назарбаевтың денсаулығы күрт нашарлағаны туралы ақпарат тарады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Нұрсұлтан Назарбаевқа інісі Болат Әбішұлының қайтыс болуына байланысты көңіл айтты. Ақорданың баспасөз қызметі Президенттің жерлеу рәсіміне бармайтынын жария етті.