ЕО санкциясы: Ресейдің гауһар тастар экспорты шектеледі
Еуропалық комиссия сәрсенбі, 15 қараша күні Ресейге қарсы санкциялардың 12-ші пакетін ұсынады. Шектеулер Ресейдің гауһар тастар экспортына әсер етеді. Бұл жайлы ЕО дипломатиялық қызметінің басшысы Жозеп Боррель мәлімдеді.
«Біз санкциялардың 12-ші пакетін аяқтап жатырмыз. Оның негізінде қара тізім кеңейтіледі және ресейлік гауһар тастардың экспортына шектеу қойылады. Сонымен бірге Ресейдің өз мұнайын басқа елдерге сатудан алатын кірісін азайту мақсатында мұнай бағасының шекетеу саясатын қатайтуды көздеп отырмыз. Сондай-ақ санкцияларды айналып өтуге қарсы шаралар күшейтілмек», – деді Боррель.
Оның айтуынша, бұл ұсыныстар Еуропалық комиссияның сәрсенбі күнге жоспарланған отырысында келісіліп, кейін ЕО Кеңесінің бекітуіне жіберіледі.
Еуроодақтың бұлайша Ресейге қарсы салған тыйым салу шаралары қауымдастық тарихындағы рекордтық көрсеткіш саналады. Санкциялық шектеулер Ресей экономикасының барлық салаларына әсер етеді. Қазіргі таңда ЕО қара тіхімінде 1,5 мыңнан астам жеке және заңды тұлғалардың есімі бар. Еуропалықтар ол тізімдегі тұлғалармен бизнес серіктес бола алмайды. Сондай-ақ қара тізімдегілерге Еуроодақ аумағына кіруге тыйым салынған және кейбір ресейлік бизнесмендердің Еуропадағы активтері бұзатталған.
Осыған дейін Bloomberg Еуроодақтың Ресейдің 5,3 млрд долларға жететін тауар айналымына тыйым салынатыны туралы жазған. Басылымның хабарлауынша, миллиардтаған долларлық сауда шектеулерімен қоса, санкциялар тізіміне 100 адамның есімі қосылуы мүмкін. Атап айтқанда, ЕО қорғаныс саласында қолданылатын дәнекерлеу машиналарына, химиялық заттар мен технологиялардың экспортына шектеу қоюы мүмкін. Сондай-ақ бағдарламалық жасақтаманы лицензиялауға және металдар мен алюминий бұйымдарын импорттауға да тыйым салу жоспарланған.
Ал Ұлыбританияның 127 компаниясы Ресейге қарсы санкцияларды бұзғанын мойындап, есеп берді. The Times басылымының мәліметінше, Глазгодағы Future Technology Devices International компаниясы бір жылда Ресейге 280 мың доллардан астам қаражатқа жартылай өткізгіштер мен микрочиптер сатқан. Компания өнімдерінің бірі 2022 жылдың наурыз айында Киев маңындағы ресейлік танктен табылған.