Иесіз тұрған 20 үйге жалған құжат жасап, сатқан азаматтар сотталды
Жамбыл облысының азаматтары нарықтық құны 300 млн теңгеден асатын 20 жылжымайтын мүлікке жалған құжат жасап сатқан. Бұл жайлы Жамбыл облыстық прокуратурасы хабарлады.
Алаяқтар Тараз қаласындағы иелері қайтыс болған немесе басқа мемлекетке көшіп кеткен иесіз пәтерлер мен үйлерді анықтап, оларға жалған құқық белгілейтін құжаттар жасаған. Кейін оларды басқа тұлғаларға сату мақсатында жеке бас пайдасына иемденген.
Бұл қылмыстарын олар заңсыз шешімдердің қабылдануына ықпал еткен сотқа қолдан жасалған дәлелдемелерді ұсына отырып жеткен және жалған сот шешімдерін, заңсыз нотариаттық іс-әрекеттерді жүзеге асырған.
«Облыс прокуратурасы пәтерлерді заңсыз иемдену фактілері бойынша ҚР ҚК-нің 190-бабының 3-бөлігі бойынша 6 қылмыстық іс тіркеді. Азаматтық кодекстің талаптарына сәйкес меншік иелері (өсиет бойынша және заң бойынша мұрагерлер) болмауына байланысты аталған объектілер әкімдіктің талап қоюлары бойынша соттың иесіз деп танылуына және коммуналдық меншікке айналуына жататынын атап өту керек», делінген хабарламада.
Былтырғы жылы осы 20 объектінің 3-еуі бойынша 1 адам 5 жылға бас бостандығынан айырылған. Ал осы жылы Тараз қаласы №2 сотының 2023 жылғы 6 қазандағы үкімімен 2 пәтерді жымқырғаны үшін екі тұлға 2-ден 4 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы кесілген. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Жылжымайтын мүліктің қалған 15 объектісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Оларды облыс прокуратурасының ұсынысы бойынша мемлекет кірісіне қайтару мәселесі қарастырылып жатыр.