«Болашақ» бағдарламасының атына айтылған сын әділ ме: орталық басшысы жауап берді
«Болашақ» халықаралық бағдарламасына қатысты депутаттық сауал жолдаған
Андрей Лукин аты аталған бағдарлама эммиграция құралына айналып кеткенін мәлімдеп, биыл 30 жылдығы аталып өтетін жобаны түкке тұрғысыз деуге шақ қалды.
«Бұл жоба эммиграция құралына айналып кетті. Өйткені бүгінде шетелде «Болашақ» бағдарламасымен оқуға кеткен 270-тен астам стипендиаттар қалып қойып отыр. Мамандарды шетелде даярлауда бұл бағдарлама тиімді деп айтпас едім. Бұған стратегиялық құжаттардың жоқтығы себеп», – деді депутат.
Сенатордың сөзінше, бағдарламасының іске асырылуына жетекшілік ететін «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ-да қаржы мониторингі жүйесі тиісті деңгейде емес.
«Өткен кезеңде шетелдің жоғары оқу орындарында 15 мыңнан астам стипендиат «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқыған. Оның 12 мыңға жуығынан арнайы маман даярланды. Тиісінше соңғы 12 жылда бұл мақсатқа 200 млрд теңгеге жуық қаражат бөлінген. Алайда орталық жұмысының дұрыс ұйымдастырылмауы, Ғылым және жоғары білім министрлігі тарапынан тиісті үйлестірудің болмауынан мамандардың шетелде біліктілігін арттыру үшін бөлінген қаражат ұтымды пайдаланылмай отыр. Ұрлық фактілері де жоқ емес», – деді сенатор.
Шынымен осылай ма? Барлығы қорқынышты әрі күрделі ме? Мәселенің ақ-қарасын анықтау үшін kursiv.media тілшісі «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ басқарма төрағасы Әлия Оспановамен сұхбаттасты.
Сенатор 15 мыңнан астам стипендиант (15 871) шет мемлекеттердің жоғары оқу орындарында білім алғанын, 12,5 мыңнан астам маман даярланғанын және стипендиядан бас тартқандар мен айырылғандардың қарызы 6,5 млрд теңгені құрап отырғанын мәлімдеген еді.
Әлия Оспанованың айтуынша, қазіргі таңда 268 адам «Болашақ» стипендиядан бас тартқандар мен айырылғандардың қатарында тұр. Бұл – елге қайтпай, шетелде қалып қойған, оқу үлгерімі нашар болған, оқуын тастап кеткен, міндеттемесін орындаудан бас тартқан адамдардың саны.
«Болашақ» халықаралық бағдарламасының 30 жылдық тарихын тұтас алғандағы көрсеткіш. Яғни 15 871 стипендиаттың 1,6%-ы. Бір жылғы емес, 1993 жылдан бері санағандағы көрсеткіш. Есептік кезеңді назарға алатын болсақ, бұл үлкен кемшілік емес деп ойлаймын. «Болашақтың» 98%- дан астам түлегі елге оралып, міндетін мінсіз атқарып жатыр. Қазақстанды гүлдендіруге, дамытуға атсалысуда. Өкініштісі, олар туралы айтылып отырған жоқ. Тек қана 2%-ға жетпейтін көрсеткіш алынып отыр. Бағдарлама бойынша 9 527 түлек келісімшарттағы міндеттемесін толық орындады. 2 987 адам еңбек мониторингінде. Олар қазіргі уақытта ел аумағында міндеттерін атқарып жатыр. 91 түлек декреттік демалысқа шығуына немесе емделуіне байланысты еңбек шарты бойынша міндеттемелерін орындауды кейінге қалдыруға рұқсат алды», – деді Ә.Оспанова.
Сонымен қатар, «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ мемлекет алдындағы міндеттемесін орындамаған 268 адаммен жұмысты үздіксіз және жоспарлы түрде жүргізуде.
«Қаражатты қайтару барысында заңға сәйкес әрекет етудеміз. Сот өтіп, шешім шығып жатыр. Биыл өткен соттарда да жеңдік. 2023 жылы мемлекеттік бюджетке 1 млрд 579 млн теңге қайтарылды. Мемлекет қаражаты арнайы келісіммен қорғалады. Стипендиаттар біздің орталыққа жылжымайтын мүліктерін кепілге қояды. Елге оралмаса, сотқа арыз беріп, сол арқылы жұмсалған қаржыны мемлекетке қайтарамыз», – деді басқарма төрағасы.
Әсел Оспанованың сөзінше келесі жылы Қазақстанның қазынасына тағы 1 млрд 135 млн теңге теңге түседі.
«Сот орындаушылары қаражатты қайтару ісін жүзеге асырып жатыр», – деді Ә.Оспанова.
Сенатордың депутаттық сауалында «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ 500 млн теңгеге жуық қаражатты өндіріп алу үшін тиісті нұсқаулық жібермегені жөнінде айтылды. «Осы фактіні толықтыра кетейін, барлық азаматтарға тиісті нұсқаулық жолданды. Мәселе бұған дейін тиісінше шешілді», – деді «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ басқарма төрағасы.
Шетелде қалып қойған 270 стипендиант туралы «15 871 стипендиаттың 270-і шетелде қалып қойды. Бұл – үлкен сан емес. Мұндай тәуекел барлық жерде кездеседі. Бұлардың арасында шәкіртақыдан бас тартқандар, мемлекеттік міндеттемесін өтеп жатқандар, өтеп болғандар бар. Бірқатарымен сот процесі жүріп жатыр. Осы стипендиаттардың кейбіреуінің кепілде 3 үйі тұр. Олар қандай жағдай болса да, мемлекеттің қаржысын қайтарады. «Болашақ» бағдарламасы эмиграция құралына, оқу туризміне айналды деуге негіз жоқ», – деді Ә.Оспанова.
Қаражат қалай қайтарылады? «Халықаралық бағдарламалар орталығы» бұл процесте бағдарламаның әкімшісі ретінде әрекет етеді. Біздің басты міндетіміз – стипендиаттың құжаттарын қабылдау және барлық критерийді тексеру. Орталықтың стипендия беру немесе бас тарту туралы шешім қабылдау құқығы жоқ. Шешім қабылдау тәуелсіз ведомствоаралық орган -Ұлттық республикалық комиссияға жүктеледі. Осы жерде Орталық та, Ғылым және жоғары білім министрлігі де үміткерлерді іріктеуге де, шәкіртақыдан айыру процесіне де ықпал ете алмайтынын атап өту маңызды», – деді сұхбат беруші.
Қаражатты қайтаруға қанша уақыт беріледі? «Стипендиат қаржыны қайтаруға міндеттелсе, оған арнайы кесте беріледі. Ол соған сәйкес қаржыны қайтарады. Бұрын қаржыны қайтаруға 10-20 жыл уақыт берілетін. Қазір енгізілген өзгерістерге байланысты қаржыны қайтарудың шекті мерзімі –3 жыл. Мемлекетке қайтарылатын қаржыға пайыз қосылмайды», – деді спикер.
«Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ-ның сотта жеңілген кезі болды ма?
«Бар. Біздің орталық 2005 жылы ашылды. «Болашақ» халықаралық бағдарламасы 1993 жылы басталды. Осы уақыт аралығында кепілге мүлік қою талабы болған жоқ. Қазір 4-5 түлек аясында түсінбеушілік бар. Олардың «Болашақ» бағдарламасымен білім алғанына 20 жылдан астам уақыт өтті. Біз оларға қазір талап қойып отырмыз. Сот талаптану мерзімі өтіп кеткенін алға тартып отыр. Дегенмен біздің басқа амалымыз жоқ. Біз сотқа 2010 жылдан бастап шағымдандық. 1993-1995 жылдар аралығында білім алған студенттерге қатысты мәселе бар», – деді Ә.Оспанова.
Қандай жағдайда шәкіртақы беру тоқтатылады? «Шәкіртақы түрлі себеппен кері қайтарылуы мүмкін: стипендиат оқудан шығарылса, өз еркімен оқудан бас тартса, әлемнің айтулы жоғары оқу орнына түсіп, барлық процестен өтіп, республикалық комиссияның шешімен стипендиат атанса, бірақ бірнеше айдан кейін басқа грант иесі екені анықталса, шәкіртақы беру тоқтатылады. Гарвардта оқу үшін Нұрлан Қаппаров атындағы қордың гранты немесе университеттің өз гранты бар. Осы грантқа ие болған стипендиат бізге келіп, шәкіртақыдан бас тартады. Біз шәкіртақыдан айыру туралы құжат әзірлеп, Ұлттық республикалық комиссияға жібереміз. Ол жақта әр іс жеке қаралып, талданып, тиісті шешім қабылданады», – деді Ә.Оспанова.
Кепілге қойылған мүлікті басқа мүлікке ауыстыруға бола ма? «Болады. Кепілге қойылған мүлікті басқа мүлікке алмастыру тәртібі бар. Мысалы, бастапқыда анасының пәтерін кепілге қойған студент кейін өзі үй алғанда анасының пәтерін кепілден босатып ала алады. Ерекше атап көрсетерлігі, Орталық тиісті құжат болмаған жағдайда жылжымайтын мүлікті кепілден шығару процесін жүзеге асыра алмайды», – деді спикер.
Оның айтуынша, жылдың басында орталықта Бас прокуратураның арнайы тексерісі жүрген.
«Тексеріс 4 айға созылды. Бізге нақты ұсыныс берілді. Біз арнайы әзірлеген жоспарға сәйкес жұмыс істеп жатырмыз», – деді басқарма төрағасы.
Сонымен қатар, «Болашақ» бағдарламасы пайда болған кезде білім алып, кейін өкінішке қарай, қайтыс болып кеткен 39 адам бар екен.
«Бұл форс-мажорлық жағдай. Сондықтан олардың қаражатына сұрау салынбайды. Кепілде тұрған мүлкі қаражатты қайтару үшін қолданылмайды», – деді Ә.Оспанова.
Сенатордың «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ бюджеттен бөлінген қаражатты тәуекелі бар келісімдерге бағыттады» деген пікірімен келісесіздер ме, деген сауалға Әсел Оспанова былай деп жауап берді.
«Бұл жерде әңгіме «Астана Банкі» АҚ мен Qazaq Banki қаржы институтындағы дефолтқа қатысты өрбіп отыр. Бұл банктерде біздің есепшотымыз болды және онда қаражат тұрды. Банк жабылғанда, қаражат қайтпай қалды. Бұл жағдайға біз ғана емес, банктің басқа клиенттері, акционерлік қоғамдар, квазимемлекеттік сектор субъектілері де тап болды. Біз банктің осындай жағдайға душар болатынын білген жоқпыз. Қазір Үкімет деңгейінде қаржыны қайтару бойынша жұмыс жүріп жатыр», – деді сұхбат беруші.
Бұған дейін «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ басқарма төрағасы Әлия Оспанова kursiv.media тілшісімен тілдесіп, «Болашақ» халықаралық бағдарламасымен Ұлыбританияда білім алып жатқан Қазақстан азаматы Мөлдір Қабыловаға 2023 жылғы наурыздан бастап неге шәкіртақы төленбегенін, оның кепілге қойған пәтерінің кепілден қалай шығарылғанын баяндады.