Оңтүстік-Шығыс Азиядағы ірі лоукостер 2024 жылы Куала-Лумпур-Алматы тұрақты рейстерін ашады
Оңтүстік-Шығыс Азиядағы ірі лоукостер келісі жылдан бастап Қазақстанға рейстер ашады, деп хабарлайды Көлік министрлігінің баспасөз қызметі.
Азаматтық авиация комитеті Малайзияның авиациялық билігімен бірлесіп, Air Asia X әуе компаниясының Қазақстанға тұрақты жолаушылар рейстерін ашу мәселесін пысықтады.
2024 жылғы 1 ақпаннан бастап, малайзиялық әуе компаниясы А-330 типті әуе кемелерінде Куала-Лумпур-Алматы бағыты бойынша тікелей тұрақты жолаушылар рейстерін бастауды жоспарлап отыр.
Рейстер аптасына 4 рет: сейсенбі, бейсенбі, сенбі және жексенбі күндері жүзеге асырылатын болады.
Қазақстан мен Малайзия арасында әуе қатынасының ашылуы екі ел арасындағы сауда-экономикалық, іскерлік, инвестициялық, туристік және мәдени ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ықпал етеді деп күтілуде.
Air Asia X әуе компаниясы Air Asia Aviation Group компаниясының құрамына кіреді.
Компания паркі 270-тен астам A-320, A-320neo, А-321neo және A-330 типті әуе кемелерден тұрады. Осы компанияның франшизасымен әлемнің 25 еліне (Австралия, Оңтүстік Корея, Үндістан, Қытай, Индонезия, Жапония, Таиланд, Тайвань, Сингапур, АҚШ, Сауд Арабиясы, Вьетнам) 400-ден астам бағыт бойынша рейстер орындалады.