Жаңалықтар

Ұлттық банк жаңа купюраларды таныстырды

Жаңа теңге. ҰБ презентациясынан скриншот.

Қазақстан қаржыгерлерінің ХІ конгресінде Ұлттық банк теңгенің 30 жылдығына орай шығарылған жаңа банкноталар сериясын таныстырды. Ұлттық банктің банкноттар бойынша бас дизайнері Санжар Нұрқасымовтың айтуынша, ол «Сақ стилі» элементтеріне негізделген және көшпенділердің бірегей мәдениетінен бастап бүгінгі Қазақстанға дейінгі ел мұрасын бейнелейді.

«Монета бейнеленген дизайнда негізгі голографиялық элемент – теңгенің «₸» белгісі қолданылған. Банкнотаның екі жағында да шексіз қозғалыстың символы – «Мёбиус лентасы» бар», – деді ол.

Банкнотаның алдыңғы бетінде қазақы ою-өрнекпен дәстүрлі стильде безендірілген Қазақстан картасы бейнеленген. Банкнотаның екінші бетінде картадағы Еуразия құрлығының жалпы контуры сызылған. Онда 5 мм магнитті қорғаныш жіп пен «₸» белгісі түріндегі Спарк элементі бар.

«Жыл соңына дейін 5 мың, 10 мың, 2 мың, 1 мың теңге, 2025 жылға қарай 500 және 20 мың теңге шығады. Олардың барлығын сақтың «аң стиліне» негізделген бір ұғым біріктіреді. Тұжырымдаманы әзірлеуге бір жыл кетті. Көптеген нұсқа болды, оларды Ұлттық банк төрағасының қолдауымен мен әзірледім», – деді Санжар Нұрқасымов.

Жаңа банкноталар сериясы дайын болған кезде айналымға енеді. Номиналы 5 000 теңгелік жаңа дизайн үлгісіндегі алғашқы банкноталар осы жылдың соңына дейін қолданысқа шығады. Жаңа 500 теңгелік банкнотта арқар, 1 мың теңгеде – тазы мен алабай тұқымды иттер, 2 мың теңгеде – ақбөкен, 5 мың теңгеде – қыран, 10 мың теңгеде – барыс, 20 мың теңгеде – жылқы бейнеленген.

Нұрқасымовтың айтуынша, бұл купюралар ескі купюроларды толығымен алмастырады. Жаңа дизайндағы банкноталар шығарылғаннан кейін, алдыңғы үлгідегі банкноталар айналымнан біртіндеп алына бастайды.

Халықаралық тәжірибеге сәйкес, банкноталардың дизайны жалған ақша жасауға жол бермеу және оның алдын алу үшін жетілдірілген қорғаныш қабілетін енгізу мақсатында кезең-кезеңімен жаңартылып отырады. Бұл орайда еліміздің мәдени құндылықтары мен тарихын насихаттау маңызды саналады.

Жаңа банкноталар төлемнің барлық түрі бойынша Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында номиналды құнына қарай қабылдауға жатады. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының барлық банкі арқылы банктік шоттарға аударуға, айырбастауға және ұсақталуға міндетті.

Ұлттық Банк ескі және жаңа үлгідегі банкноталардың айналымда қатар жүру мерзімін 1 жыл деп белгілейді, ол қажет болған жағдайда ұзартылуы мүмкін.

Айналымда қатар жүру мерзімі аяқталған соң, барлық банктер мен «Қазпошта» АҚ ескі үлгідегі банкноталарды жаңа үлгідегі банкноталарға – 3 жыл ішінде, ал Ұлттық Банктің филиалдары – мерзімсіз айырбастай береді.   

Бұған дейін Ұлттық банк номиналы 10 000 теңгелік мерейтойлық банкнотаны айналымға шығатынын хабарлаған. Ол ұлттық валютаның 30 жылдығына орайластырылған.