Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовтың ұлы неге әскерге бармай жүр?
Сәрсенбі күнгі Мәжілістің кулуарында журналистер Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовтан баласы неге әскерге бармай жүргенін сұрады.
«Ұлым 20 жаста, студент. Оқуын бітірген соң, өзі таңдаған бағыт бойынша әскерге жетектеп апарамын. Бірақ оның арнайы құрылымдарға барғаны дұрыс«, – деді министр.
Айта кетейік, бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне резервтегі қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.
Отырыста депутат Ринат Зайытов «министрдің, әкімнің баласы әскерде жүр» дегенді естімегенін алға тартып, заңға шенеуніктердің баласын әскерге баруды міндеттеу туралы арнайы норма енгізуді ұсынды.
Қорғаныс министрі депутаттың бастамасын қолдамады.
«Мұндай норманы енгізудің қажеті жоқ» деп шорт кесті. Р. Жақсылықовтың айтуынша, патриоттық жария етілмейді.
«Бұрын Ішкі істер министрі болған Қалмұханбет Қасымов 2 жиенін әскерге өзі алып келді. Бұрынғы сенатор Мұхтар Құл-Мұхаммедтің ұлы мектеп бітірген соң, десанттық-шабуылдау әскерінде борышын өтеп, қазір АҚШ-тағы әскери училищенің курсанты болып отыр. Бұл үлгі емес пе? Министрлер мен депутаттардың ұлдарын бөлетін норманың қажеті жоқ. Заң бәріне ортақ, тек оны кім қалай орындағаны маңызды», – деді Қорғаныс министрі.
Журналистер Қорғаныс министрінен болашақта әйелдерге қол көтермеу үшін ұл балаларды қалай тәрбиелеген дұрыс екенін сұрады.
«Тәрбиенің негізі отбасында беріледі. Ата-ана өз баласына қалай қараса, балалар да кейін басқаларға солай қарайтын болады. Жалпы, әйелге қол көтеру – еркектің абыройына сын. Әйелге әлсіз еркек қана қол көтереді. Ер адам мемлекетінің, отбасының қорғаушысы болуы керек», – деді Р. Жақсылықов.