«Кеншілердің зейнетақысы 300 мыңнан асып отыр» – Жақыпова

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
Жақыпова кеншілердің зейнетақысы туралы айтып берді \ kursiv.media

Кеншілердің зейнетақысы 300 мыңнан асып отыр. Бұл туралы сәрсенбіде Мәжіліс кулуарында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова айтты.

«Қазіргі таңда бір шахтердің заң бойынша мемлекет тағайындаған зейнетақысы 132 мың, келесі біреуінікі 182 мың. Жұмыс өтіліне байланысты», деді министр.

Журналистердің «шахтерлер зейнетақысы 400 мың болсын деген талапқа» қатысты сұрағына министр нақты жауап бермеді. Алайда министр кеншілердің зейнетақысы  300 мыңнан асып отырғанын айтты.

«Олар (кеншілер – ред.) зейнетақыны Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан алады. Қазіргі уақытта 5 миллионнан 11-12 миллионға дейін зейнетақы қорына жинаған. Бұл ақшаға мемлекет тағайындаған зейнетақыны қоссақ, олардың қазіргі зейнетақысы 300 мыңнан асып отыр», деді Жақыпова.

Бұған қоса, министр алдағы уақытта кеншілердің категориясына, жұмыс беруші төлейтін міндетті әлеуметтік төлемдеріне мән беріліп, кеншілерге төленетін әлеуметтік төлемдер қайта қаралып, оның көбеюі мүмкін екенін айтты.

Қазақстанда кеншілер зейнетке ерте шыға алады. Ол үшін жасы 55-тен асуы және кейінгі 7 жыл міндетті кәсіптік зейнетақы жарнасы болуы керек.

Сондай-ақ оқыңыз