Жаңалықтар

«Жылыту маусымы, жанар-жағармаймен қамту» – Президент Сәтқалиевке тағы қандай тапсырма берді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевті Ақордада қабылдап, жылыту маусымының барысын айрықша бақылауда ұстауды тапсырды

«Президент жылыту маусымының барысын және энергетика инфрақұрылымын жаңғырту жобаларының іске асырылуын айрықша бақылауда ұстауды, сондай-ақ ішкі нарықты жанар-жағармаймен және сұйытылған мұнай газымен үздіксіз қамтамасыз ету шараларын қабылдауды тапсырды» делінген Ақорда хабарламасында.

Министр Президентке энергетика саласын дамытудың негізгі мәселелері мен еліміздің отын-энергетика кешенінің 10 ай ішіндегі көрсеткіштері, сондай-ақ мұнай-газ және энергетика бағыттарындағы ірі жобалардың жүзеге асырылуы жөнінде мәлімет берген.

Ақорда мәліметіне сүйенсек, кездесу барысында Алмасадам Сәтқалиев биыл Қазақстандағы мұнай өндіру көлемі 74,8 миллион тоннаны, ал мұнай өнімдерінің өндірісі 11,2 миллион тоннаны құрағанын жеткізген. Сонымен қатар, 48,7 миллиард текше метр газ, 93,5 миллиард кВт/cағ электр қуаты және 15,35 мың тонна уран өндірілген.

Бұған қоса, министр Тоқаевқа ұлттық электр желісін дамыту үшін атқарылып жатқан шаралар, биыл маусым айында іске қосылған электр энергиясын нарықта сатудың жаңа механизмі жөнінде баяндап, қысқы жылыту маусымы қалыпты өту үшін қосымша бақылау орнатылғаны туралы ақпарат берген. 

Энергетика нысандарын қамтамасыз ету мақсатында 5,5 миллион тонна көмір мен 100 мың тонна мазут қоры дайындалған. Ведомствоның ел аймақтарына одан әрі газ құбырын тарту жоспары таныстырылған.