Оқу-ағарту министрі өз отставкасы туралы: «Бұл мәселе менің құзыретіме кірмейді»
Фото: kursiv.media
Сәрсенбі Мәжілістің кулуарында Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев өзінің «отставкасына» қатысты сұраққа жауап берді.
Бұған дейін 38 мұғалім Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа ашық хат жолдап, министр Ғани Бейсембаевты «отставкаға» жіберуді талап еткен болатын. Ұстаздар Оқу-ағарту министріне білім саласындағы оң өзгерістерге «саботаж» жасап жүр деп кінә тағып отыр.
«…Бірақ соңғы тағайындалған Оқу-ағарту министрі Ғани Бектайұлы Бейсембаев бұл өзгерістерге саботаж жасауда. Жүрген жерінде көпірме сөз бен өтіріктен аспайтын министр тіпті шағын мектепті басқаратын деңгейі жоқ екендігін көрсетуде. Бұлай кете берсе, еліміздің болашағы үшін аса маңызды сала – ұрпақтың білімі мен тәрбиесіне тіке қатысты сала – оқу-ағарту ісіндегі соңғы жылдары жасалған оң өзгерістер құрдымға кетеді», – делінген ашық хатта.
Арызданушылар Ғани Бейсембаев Оқу-ағарту министрлігін «монополиялап» алды деп санайды.
«Бірінші вице-министрден бастап комитет төрағалары, оның орынбасарлары, аппарат жетекшісі, орынбасары, департаменттердің директорлары, орынбасарлары барлығын ауыстырды. Тіпті бас маманға дейін қуғынға ұшырады. Бұрыннан жүргендерден ешкім қалмады десе де болады. Тамыр-таныстық белгілі бір өзгеріске не жаңашылдыққа апармайтыны бұрыннан белгілі. Бейсенбаев Ғани Бектайұлы бұған дейін Білім мазмұнын сараптау орталығы директоры мен Ы.Алтынсарин атындағы Білім академиясының президенті болған кезде де, өкінішке қарай, сол мекемелердің тоз-тозын шығарған еді», – деп жазылған ашық хатта.
Жазба авторлары Ғани Бейсембаев министр болып тағайындала салысымен, білім саласындағы жемқорлықпен ашық күресіп жүрген кейбір белсенді мұғалімдердің үстінен аппарат жетекшісіне ІІМ мен Бас прокуратураға шағым жаздырғанын жариялады.
«Шағым министрліктің белгісі қойылған арнайы қағазға жазылған. Сондықтан бұл шағымға министрдің қатысы бар екені анық. Олардың әлеуметтік желідегі жазбаларына сілтеме жасап, қылмыстық іс қозғауды сұраған. Осы мәселеге қатысты кейбір белсенді мұғалімдер жергілікті полиция қызметкерлерінің алдына барып, жауап берді. Жазбаларында қылмыстық құрам болмаса да, қарапайым мұғалімдерді полицияға сүйреу министрге жараса ма? Бұл іс-әрекет министрдің белсенді мұғалімдерді қудалап, Конституция берген өз ойын ашық айту құқығын шектегені. Министрліктің ІІМ-не жазған шағымынан соң облыстар мен аудандардың білім саласындағы басшыларының белсенді мұғалімдердің үстінен арыз беруі, қысымға алуы көбейіп кетті», – делінген ашық хатта.
Ұстаздар қауымы Батыс Қазақстан облысында Тілекқабыл Нұрышев есімді мұғалім жұмыстан шығарылып, сот арқылы 250 мың теңге төлеуге міндеттелгенін, есепшоттары бұғатталғанын, шымкенттік белсенді ұстаз Өмір Шыныбекұлының үстінен ОАМ аппарат жетекшісі ІІМ мен Бас прокуратураға шағым түсіріп, оны өмірде мүлдем танымайтын Алматыдағы бір мектептің директоры «Ұлтаралық араздық қоздырды» деп Шымкент қаласының Полиция департаментіне арыз жазғанын алға тартты.
«Білім саласында ұлттық мектеп жобасын іске асыру жұмысымен айналысқан белсенді ұстаз Аятжан Ахметжанұлы да өзіне жасалған түрлі қысымдардан өз еркімен мектеп директоры қызметін тастап кетті. Ал ол екі жылда Астананың шетіндегі мектептен қаншама елдің білім саласына үлгі болатын жоба шығарды, қаншама үздік шәкірт тәрбиеледі! Бұл бірер мысал ғана. Қудалау, үркітіп-қорқыту, өзгелер арқылы соттастыру министрдің қолымен істеп отырған ісі деп түсінеміз. Сонда министрліктің өз ойын ашық айтып, әділетті Қазақстанды құруға, жаңаруға үлес қосқысы келетін шын жанашырларды қудалаудан өзге тірлігі жоқ па?! Өкінішке қарай, білікті мамандар мен білім саласының жанашыр жандары жаңа министрге керек емес», – дейді шағымданушылар.
Ашық хат авторлары қарапайым мұғалімдердің аттестациясы, білім мазмұны, білім бағдарламасы, тіпті оқу жоспарына дейінгі құжаттар одан сайын былығып, мамандар әуре-сарсаңға түсіп жатыр деп дабыл қақты.
«Әлі бірде бір нақты құжат жоқ, жылға жуық уақыт бос сөзбен келеді, керісінше қаншама іс үсті-үстіне қосылып жатыр. Білім саласы күрделі сала, ол саланы қалай болса солай істеу біздің елді тығырыққа тіреп, сауатсыз маман қалыптастырады. Бұл әрекеттер елдің экономикасы мен болашағына соққы. Қоғамдық пікірлер немесе кәсіби сарапшылардың нақты дәлелді пікірлерімен санаспайды, ескермейді. Өздерінің қолдан жасап алған сарапшыларының өтірік аргументтерімен жұмыс жасайды. Тіпті қолдан сөзін сөйлейтін сарапшылар тобын жасақтап отыр. Одан ары қазір Оқу-ағарту министрлігінің жанындағы қоғамдық кеңеспен де ешқандай мәселені кеңесіп жатқан жоқ. Тек популизммен, бос сөзбен жүр», – делінген 38 мұғалім қол қойған ашық хатта.
Ұстаздар Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан Ғани Бейсембаевты отставкаға жіберуді талап етіп, ашық хатқа:
«Біз, бір топ ұстаздар – білім саласының жанашырлары, сізден тез арада қатаң шешім қабылдап, 27-ақ айда министр дәрежесіне қоғамға белгісіз жолмен жете салған адамды отставкаға жіберіп, елдің болашағын айқындайтын білім саласынан бейкәсіби маманды аластауды талап етеміз! Біз әділетті Қазақстан құру бастамасы тұсында бұндай өрескел қателіктерге қарап тұра алмағандықтан, сізге өтініш айтып отырмыз. Біз сізден Оқу-ағарту министрлігінің тізгінін осы саланың жілігін шағып, майын ішкен мықты маманға, басшылық қызметте жеткілікті тәжірибесі бар білікті менеджерге беруіңізді сұраймыз!» – деп нүкте қойған.
Журналистер Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевқа ұстаздар отставкаға кетуін талап етіп жатқанын жеткізіп, осыған қатысты қандай шешім қабылдайтынын сұрады. Министр: «Жалпы, кез-келген министрді тағайындау немесе отставкаға жіберу Мемлекет басшысының қолында. Сондықтан бұл мәселе менің құзыретіме кірмейді, – деп жауап берді.
Ғани Бейсембаев аттестацияның ережесі «Ашық НҚА» порталында жарияланғанын айтты.
«Құжаттарды мұқият оқысаңыздар, ондағы негізгі идеология – оқушының жетістігі арқылы мұғалімнің жетістігін бағалау. Бұған дейін аттестация негізінен мұғалімдердің портфолио жинауына, өзінің жетістіктеріне ғана негізделген еді. Бұған дейін де аттестацияға өте көп сын айтылған. Біз сынның бәрін жаңа ережеде ескердік. Сондықтан мұнда біз балаларға сапалы білім беруді, саналы тәрбие беруді көздейміз. Аттестация ережесі мен жобасы ұстаздар мен педагогтардың талабына сәйкес келеді», – деді Оқу-ағарту министрі.
Ғани Бейсембаев өзіне көңілі толмай жүрген мұғалімдермен кездесу туралы сұраққа да пікір білдірді. Ол елде 500 мың мұғалім бар екеніне назар аударды.
«…Ақпараттарды қарасаңыз, барлық жерде бірінші кезекте ұстаздармен кездесіп, олардың мұң-мұқтажын тыңдап жүргенімді жақсы білесіз. Тек ұстаздармен емес, ата-аналармен, оқушылармен кездесіп жүрген жайымыз бар. Ұстаздарды қабылдауға келер болсақ, маған аптасына кемінде бір рет болсын ұстаздар келіп, өздерінің ұсыныстары мен пікірлерін беріп кетеді. Әрине елімізде 500 мың педагог бар. Егер бәрімен кездесуді министр өзіне мақсат етіп алса, ары қарай жұмысты кім істейді. Сондықтан кез келген ұстаз ұсынысы болса жазады, мен олардың бәрін қабылдап аламын», – деді Оқу-ағарту министрі.