Жаңалықтар

Жыл сайын резервтегі әскери қызметті қаржыландыруға 3,5 млрд теңге жұмсалады

Фото: shutterstock и primeminister.kz

Сәрсенбі Мәжілістің кулуарында Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов журналистерге Қазақстан әскерінде әлімжеттік жоқ деп мәлімдеді.

Ол әскердегі әлімжеттік қоғамдық құбылыс ретінде өзектілігін жойғанын жариялады.

«Сарбаздар борышын бір жыл ғана өтейді. Ер адамдар арасында жанжал туындап жататыны белгілі. Қайтыс болғандар бар, бірақ қауіпсіздік нормасын бұзу немесе суицид салдарынан. Суицидке қатысты оқиғалардың 99 пайызы әскери қызметке байланысты емес. Бұл – жеке тұлғаның ішкі жанжалына қатысты мәселе. Біз ешқашан біреудің бақшасына тас лақтырмаймыз, моральдық жауапкершілігімізді түсінеміз. Қайғылы жағдай орын алса, бұл отбасыға да, бізге де ортақ қайғы», – деді Қорғаныс министрі.

Мәжілістің жалпы отырысында Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов депутатты еліміздің әскери бөліміне шақырды.

«Біз, 40 және одан да көп жыл қызмет еткен аға буын офицерлері Кеңес армиясы мен посткеңестік армияның мектебінен өттік. Қазір тәуелсіз Қазақстанға қызмет етіп жүрміз. Біз бұған дейін қалай болғанын, қазір қалай екенін айта аламыз. Мен сізді кез келген әскери бөлімге шақырамын. Келіңіз, қараңыз, көріңіз», – деді Руслан Жақсылықов депутаттардың алдында.

Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне резервтегі қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.

Құжат әскери қызметтің жаңа түрін – резервтегі қызметті енгізуді көздейді. Резервтегі қызмет аумақтық қағидаты яғни тұрғылықты жері бойынша әскери қызметтің ерікті түрі саналады.

«Заң жобасын іске асыру азаматтарға резервте әскери қызмет етуге мүмкіндік береді. Бұл үшін келісімшарт ерікті түрде 3 жылға жасалады. Даярлық бір жылда 2 айдан аспайды. Жауынгерлік жиындар 30 күнде іске асырылады. Резервтегілерге арналған сабақтар ай сайын 2-3 күн болады», – деді Руслан Жақсылықов.

Министрдің мәлімдеуінше, қаражат республикалық бюджеттен бөлінеді.

«Біріншіден, тиісті сабақтар кезінде ай сайын ең төменгі жалақы төлеу ескерілген. Екіншіден, жауынгерлік жиындар кезінде орташа жалақы төлеу жоспарланған. Әскери резервтегі адам қызмет еткенде жұмыс орны сақталады. Заңды қабылдау әлеуметтік тұрғыдан тиімді. Резервке қызметке кірген азаматтың кірісі артады. Бұл қызметті енгізу бейбіт уақытта әскер санын арттырмай, қойған міндетті орындауға дайын азаматтар санын даярлауға мүмкіндік береді», – деді Қорғаныс министрі.

Қорғаныс министрі резервке азаматтар ерікті түрде тартылатынын, оларға денсаулығына қатысты нақты талап қойылатынын, сонымен қатар офицерлер 60 жасқа дейін, ал сержанттар мен сарбаздар 50 жасқа дейін резервте болуға тиіс екенін мәлімдеді.

«Резервтегі адамдар әскери бөлімде дайындықтан өтеді. Оларға қару-жарақ пен техника бекітіледі. Резервтегі қызметті 2025 жылы қалыптастыру жоспарланған. Осы уақыт аралығында барлық әлеуметтік мәселені шешу керек. Бірінші кезеңде резервке 2 мыңға жуық адам шақырылады. Жылына шамамен 3,5 млрд теңге қаражат қажет болады. Осы жүйені нығайтқаннан кейін, алдағы уақытта резервтегілердің санын арттырамыз, – деді.