Алматыда мүмкіндігі шектеулі адамдардың қызмет алуына жағдай жасамаған 13 банк жауапқа тартылды

Жарияланды
Екінші деңгейлі 13 банк жауапкершілікке тартылды / shutterstock

Алматы қаласы Медеу ауданының прокуратурасы жүргізген талдау барысында екінші деңгейлі бірнеше банк бөлімшелерінде мүмкіндігі шектеулі адамдардың құқықтары бұзылғандығын анықталды. Бұл туралы Алматы қаласының прокуратурасының баспасөз қызметі хабарлады.

Прокурорлар қаладағы банктердің бірде-бір бөлімшесінде мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған пандустар, мнемосхемалар, арнайы кассалар және т.б. не талапқа сай емес, не мүлде жоқ екенін анықтаған.

«Осыған байланысты, Қазақстан Республикасының мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау туралы заңнамасын бұзғаны үшін Алматы қаласы Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің департаментімен 13 ЕДБ «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» ҚР Кодексінің 83-бабы бойынша 9 млн теңгеден астам сомаға әкімшілік жауаптылыққа тартылды» делінген хабарламада.

Уәкілетті орган барлық банктерге осы олқылықтарды жою және мүгедектігі бар адамдар үшін көзделген жағдайларды жасау қажет екені туралы ұйғарымдар берді.

«Қазіргі уақытта 8 банк өз бөлімшелерін талапқа сәйкестендіріп үлгерді, қалғандары тиісті шаралар қабылдауда» делінген ақпаратта.

Айта кету керек, Алматыда 50 мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі азаматтар тұрады. «Қазақстан Республикасында мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы» ҚР заңының 14-бабына сәйкес және Конституция мен өзге де заңнамалық актілердің талаптарына сәйкес, мүгедектер барлық әлеуметтік-экономикалық және жеке құқықтары мен бостандықтарына ие. Сондықтан да қалалық прокуратура олардың әлеуметтік инфрақұрылым объектілеріне қол жеткізу құқығы тапталмауға тиіс екенін атап өтті

Сондай-ақ оқыңыз