Григорий Марченконың үш үлкен идеясы
Ұлттық банктің бұрынғы басшысы Григорий Марченко теңгенің енгізілу тарихын, сондай-ақ қазақстандық қаржы жүйесінің шарықтау шегі мен құлдырау кезеңі жайлы айтты.
Григорий Марченконы Қазақстан Ұлттық Банкін басқарған ең танымал тұлға десек те болады. Оған қатысты халықтың пікірі әртүрлі. Қаржыгердің жұмысына қатысты қарама-қайшы пікірлер көп. Биыл Марченко мырзаның екі еселенген мерейтойы атап өтіледі. Біріншіден, ұлттық валютаның құрылғанына 30 жыл болады. Қаржыгер 30 жыл бұрын ұлттық валютамыз – теңгенің қолданысқа енгізілуіне атсалысқан адамдардың бірі. Екіншіден, қазан айында оның Ұлттық банк төрағалығынан екінші рет кеткеніне 10 жыл толды.
Қазіргі таңда Григорий Марченко Еуразиялық даму банкі басқарма төрағасының кеңесшісі қызметінде. Ол әлі де тың әрі ширақ. Тек ұлттық қана емес, үлкен, аймақтық ауқымда да жаңа идеяларымен бөлісуге дайын.
Теңгенің 30 жылдығы қарсаңында ол кісімен «Курсив» газетінің бас редакторы Сергей Домнин мен 1990 жылдары іскерлік салада танымал болған «Панорама» газетінің бұрынғы шолушысы Ярослав Разумов сұхбаттасты.
Алтын күз-1993
Сергей Домнин: Григорий Александрович, 1993 жылдың күзінде, сіз «Алмалы» шипажайында бір топ сарапшылармен бірігіп, ұлттық валютаны айналымға енгізуге қызу дайындалып жаттыңыз. Сол 30 жыл бұрынғы жағдайға оралсақ. Командаңызға жұмысты қалай бөліп бердіңіз? Олардың әрқайсысының рөлі қандай болды? Бұл маңызды бастаманың ең қиын сәттері есіңізде ме?
Григорий Марченко: Мемлекеттік комиссия 1993 жылы маусымда құрылды. Содан кейін жұмыс тобы құрылып, оның құрамына 7 адам кірді. Онда Виктор Соболев те болды. Ол кейінірек Қаржы министрі және Премьер-министрдің орынбасары болып тағайындалды. Сонымен бірге бұл құрамда Қазақстан Ұлттық банкінің қызметкері Людмила Володина бар-тын. Біз бұл жұмыстарды алдын ала жүргіздік. Бірақ кейін Ельцин мен Черномырдин бізге ресми хат жіберіп, онда Қазақстанның жаңа рубль аймағында болатынын, тіпті бізге арнап қазірдің өзінде триллион жаңа ресей рублі басылып шығарылып қойғанына сендірді. Ал 1993 жылы тамызда мемлекеттік комиссияның отырысы болды, бірақ оған жұмыс тобы ретінде біз шақырылмадық.
Сонымен рубль аймағында қаламыз деп шешілген соң, жұмыс тобын таратып жіберді. Әркім өзінің жұмысына оралды. Ал 1 қыркүйекте Ресейде жаңа ресейлік рубль айналымға енді. Дәл сол уақытта Мәсеуге барғанымыз есімде. Қалтамызда ескі кеңестік рубль Домодедоводан түсіп, автобуспен қалаға жетіп алу мұң болды. Әлгі ақшамызды ешкім қабылдамай әуреге түстік. Сөйтіп, талай «қызықты» жайттарды бастан кешіргеніміз бар. Содан қазан айының ортасында жұмыс тобы қайта жиналды. Ол құрамда бес адам болдық. Топ жетекшісі – Дәулет Хамитұлы Сембаев, Валентин Константинвич Назаров, Ораз Әлиұлы Жандосов, Өмірзақ Естайұлы Шөкеев және мен бармын.
Несін айтайын, бұл бастамадан нәтиже шығатынына сенбейтіндер болды. Олар теңге оқиғасынан жақсы бірдеңе шығады дегенге мүлде сенбеді. Мәселен, Өмірзақ Шөкеевтің жетекші болды, аты-жөнін қазір атамай-ақ қояйын. Бір күні, жобаға қызу кірісіп кеткен кез болатын, ол екеуміз кеңседе жалғыз қалып қойдық. Ол сонда «бұл валютадан өнімді ештеңе шықпайтынын, рубль аймағында қала бергеніміз дұрыс» екенін айтты. Бірақ өмір көрсеткендей, ол қатты қателескен, ал біз өзіміз сенген мақсатымызға жеттік.
Сондықтан да көптеген кемшіліктер мен сәтсіздіктерге қарамастан, біздің валютамыз сәтті енгізілді деп ойлаймын. Бұл бірінші кезекте біздің экономикалық және қаржылық тәуелсіздік алуымызға мүмкіндік берді. Бұл – өте маңызды. Неге десеңіз, түрлі жағдайларға байланысты өз валюталарынан бас тартқан елдерге қарасаңыз, жағдайлары мәз емес. Мәселен, Зимбабве мен Эквадорды, Панаманы мысалға келтіруге болады. Ол елдердің тағдыры аянышты. Мұндай жағдайда қолданыстағы валютаның эмитентіне толық тәуелділік орнап, бұл экономиканы басқаруда өте үлкен қиындықтарға әкеледі.
Сергей Домнин: Осы орайда Тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қандай рөл атқарғанын айтып өтесіз бе?
Григорий Марченко: Негізгі, саяси шешімді қабылдаған сол кісі. Ол жұмыс тобының отырысына екі рет қатысты. Ал премьер-министр Сергей Терещенко апта сайын келіп, қадағалап отырды. Бұл мәселеге қатысты кездесулер жоспарлы әрі тұрақты өткізілетін.
Сергей Домнин: Ал сіздің «штаб-пәтеріңіздегі» жағдай қандай еді?
Григорий Марченко: «Алмалы» шипажайында бізге арнайы үй берілді. Ол үйді автомат ұстаған жауынгер күзетіп тұратын. Бірақ ол үйдің төсектері өте қысқа болғандықтан, мен ол жерде түней алмайтынмын. Сол себепті менің кешке қарай үйге қайтуыма рұқсат етілді. Ол жерден қалаға жету өте қиын болатын. Бұл қиындықтан мені Шөкеевтің «Ока» автокөлігі құтқаратын. Оған біз, әзер сыятынбыз. Ол автокөлік ескі және көп жағдайда от ала қоймайтын. От алмаған соң, Шөкеев рульге отырып, біз Жандосов екеуміз көлікті итеретінбіз. Иә, солайша болашақ вице-премьер мен Ұлттық банктің екі төрағасы көлікті итеріп жүріп, ұлттық валюта жобасын дайындағанымыз бар. Ол аздай, «штаб-пәтеріміздің» төбесінен су ақты. Бұл мәселені айтып, біз Терещенкоға шағымдандық, ол ХОЗУ бастығы Владимир Васильевич Ниге ұрысты. Ол өз кезегінде Шөкеевке шүйлікті. «Менің үстімнен шағым айтқаның үшін сені пәтер кезегінен сызып тастаймын» деп ашуланды. Бұл Шөкеев үшін ауыр тиді. Өйткені ол кезде Шөкеевтің екі баласы бар еді. Сонымен бізді санаторийдегі екі бөлмелі люкс номерге көшірді. Бірақ біздің ол жердегі жұмысымыз да сюрреализмге толы болды десем, артық айтпаймын. Жаңағы автоматты жауынгер енді бізді санаторийдің кіреберісінде, теледидар тұрған фойеде күзететін болды. Қарулы адамнан қорыққан демалушылар теледидар көруге сұранбайтын, лажы болса, «қарулы адамнан» айналып өтуге тырысатын. Бірақ, ең қызығы, басқа нәрсе. Біз өте құпия жағдайда жұмыс жүргізіп жаттық. Алайда біздің екі бөлмелі номерімізге күн сайын банкирлер, үкімет мүшелері келіп тұратын. Кішкентай екі орындық диванға үш министрді отырғызып қойып, құпия мәселені талқылаған қызықты сәттер есіме оралып отырғаны. Сол екі бөлмеге топырлап көп адам жиналатын. Ондай кезде ауа тарылып, терезені айқара ашып тастайтын едік. Нәтижесінде біздің не айтып, не қойғанымыздың барлығы көшеге естілетін.
Сергей Домнин: Ондай болса, шет елдің барлау қызметі ақпарат алам десе, еш қиналмайды екен ғой…
Григорий Марченко: Расымен, бұл орайда, біздің барлау қызметінің жұмысына тоқталып өткім келеді. Олар өте жақсы жұмыс істеді. 30 жылдан кейін, ол құпия оқиға жайлы айтуға болатын шығар. Deutsche Bank Өзбекстанның сом енгізуі үшін арнайы материал жасайды. Біздің барлау қызметіміз сол құжатты қолға түсіреді. Бірақ оның орыс тіліндегі аудармасы өте нашар еді. Менің Германияда тұрып, неміс тілін білгенімнің пайдасы көп тиді. Ол аударманы өзім дұрыс неміс тіліне қайта аударып, кейін дұрыс орыс тіліне тәржімаладым. Бұл құжаттан біз өзімізге керегін алдық. Сондықтан сол кезде өз жұмысын жақсы орындаған біздің барлау қызметкерлеріне рахмет айтқым келеді. Бірақ егер сол кезде бұл жағдайды Өзбекстан президенті Ислам Абдуғаниұлы Кәрімов білген болса, ондағы бір адамның жағдайы өте қиын болар еді. Иә, барлау қызметі түпнұсқаға қол жеткізген болса, тіптен жақсы болар еді. Бірақ сол аударма құжаттың қолға түскенінің өзі жақсы нәтиже. Рахмет айтамыз сол үшін. Бірақ мұндай тәжірибеміз көп болды деп айта алмаймын. Біз ХВҚ-ның бірқатар оқиғаларын зерттеп, қорытынды жасап отырдық. Шынын айтсам, ресейлік әріптестеріміз біздің ұлттық валютамызды ертерек іске қосатынымызға сенбеді, қаңтар айында бірақ шығады деп ойлады. Бұл бір жарым ай бізді қыспаққа алған, қиын кезең болды десем де болады. Біз осы аралықта барынша ширақ қимылдауға тырыстық. Өйткені ол кезде кеңестік рубльдер еш жерде қабылданбайтын. Сондықтан Қытай мен Моңғолия жаппай рубль ағынын біздің елге құйып бағыттай бастады.
Сергей Домнин: Жұмыс тобында нақты қандай мәселелерді талқылайтын едіңіздер?
Григорий Марченко: Біз «шешім дайындаумен» айналыстық. Валюта енгізгеннен кейінгі әртүрлі нұсқаларға қатысты әртүрлі шешімдер ұсындық. Атап айтқанда, тұрақты немесе өзгермелі бағамды таңдау, бір валютаға бекіту немесе валюталар себетіне бекіту, қай кезеңде айырбастауды жүзеге асыру, бірыңғай айырбас бағамын немесе әртүрлі айырбас бағамын енгізу сынды мәселелерді қарадық. Мәселен, халықтың депозиттеріне қатысты басқа мөлшерлеме енгізу туралы ұсыныс жасалды. Біз осылай өз ұсыныстарымызды айтып отырдық, ал Мемлекеттік комиссия мүшелері ұзақ әрі қызу талқылаудан соң шешім шығарып отырды. Ол кезде барлығымыз жас болдық, сондықтан да бұл мәселе бәріміз үшін өте қызық болды.
Креатив және бюрократия
Сергей Домнин: Ал Ұлттық банкке келгеннен кейін, дәл осындай қызу әрі көңілді шығармашылыққа толы оқиғалар болды ма?
Григорий Марченко: Мен жалпы қаржы саласын шығармашылыққа толы сала деп қабылдаймын. Менің кітабым да солай аталады. Дәл осындай қызыққа толы сәттер DB Securities Kazakhstan-мен байланысты. Муниципалды облигациялар нарығын құрдық, 4 шығарылымның алғашқы 3 шығарылымын және 7 шығарылымның 5-ін ұйымдастырдық, бірінші Шымкент мұнай өңдеу зауытын канадалық Hurricane-ға сатуға қатысты M&A мәмілесін өткіздік. Онда Халық банкі үшін реттелген қарыздың бірінші шығарылымын жасадық. Біз бірінші болып осы идеяны ойлап таптық және зейнетақы қорларына Қазақстанның еурооблигацияларын сатып алуға рұқсат алдық. Бірінші мәміле бойынша БЖЗҚ кірісі шетел валютасында 28% деңгейінде болды. Сонымен бірге Сембаевтың тұсында да Ұлттық банкте, сосын 2000-2001 жылдары Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорын құрған кезде де, Қазақстан ипотекалық компаниясын, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкін құру барысында да осындай шығармашылыққа толы кезең болды деп айта аламын. Алайда, өкінішке қарай, бюрократия жеңді.
Ярослав Разумов: Нақты қай уақытта болғанын айтып өтсеңіз…
Григорий Марченко: Ақырғысы – 2014 жыл болатын. Бірақ ол кезде өтпелі кезеңге тап болдық – жеткен жетістікке бас айналып қалды дегендей. Оның үстіне 2006-2007 жылдары мұнай бағасы мен жылжымайтын мүлік бағасы шарықтап кетті. Содан кейін ес жию кезеңі басталды. 2007-2008 жылдардағы дағдарыс есік қақты. Содан кейін 2010 жылы қайта құрылымдау басталды.
Сергей Домнин: Сол аралықта девальвация да болды…
Григорий Марченко: 2009 жылдың 3 қаңтары күні мені президент Назарбаев шақырып алып, Ресейде девальвация болып жатқанын, бізге өтемақылық девальвация жасау керектігін мәлімдеді. Президент девальвацияны сол кездегі ҚР Ұлттық банкінің басшысы Әнуар Сәйденов жүргізетінін, соңы у-шуға ұласатынын айтты. «Ал мамыр айында Ұлттық банк төрағасының кабинетіне ақ киіп өзің кіресің», – деді президент. Маған «ақ киіммен кабинетке кіретінім» ұнады. Бірақ нәтижесінде бұл схема іске аспай қалды. Солайша мамырда емес, 21 қаңтарда Ұлттық банк төрағасы болып тағайындалдым. Оның үстіне, олар бұл шешімді мен Мәскеуде іссапарда жүргенде қабылдап қойған. Премьер-министрден: «Құттықтаймыз, әріптес!!!» деген хабарлама келді. Бірдеңе дұрыс емес екенін бірден түсіндім. Бір сағаттан кейін, Президент Әкімшілігінің басшысы телефон соғып, Сенаттың растауы үшін ертеңінде Астанада болуым керектігін айтты.
Сергей Домнин: Президенттен мұндай «сыйлықтарды» жиі алып тұрдыңыз ба?
Григорий Марченко: 1999 жылы тағайындалуыма байланысты мен 1,2 миллион доллар сыйақыдан айырылдым. Ал екінші рет Халықтан «жұлып алды» нәтижесінде банк үшін табысты 2008 жылы бонустан айырылғаным бар.
Ярослав Разумов: Сіз эйфорияға толы кезең туралы айттыңыз. Ол қанша уақытқа созылды?
Григорий Марченко: 2003 жылы біз Алматы қаласының әкімі Виктор Храпуновпен бірге барлық банктерді жинап, ипотекалық несие схемасы арқылы Горький саябағының жанындағы бір үйді аяқтауға тырыстық. Бірақ оларды ипотекаға көндіру мүмкін болмады, содан кейін – жылжымайтын мүлік бағасы жылына 40-45%-ға көтеріле бастағанда – барлық банк жаппай ипотекаға кіре бастады. Бірақ бұл эйфория кезеңі екі жылдан ары аспады. Бұл 2005-2007 жылдар болатын.
Ярослав Разумов: Менің де есімде сізді кулуарда кездестіріп, сол кезде қарқынмен өсіп келе жатқан жылжымайтын мүлік нарығы туралы сұраған едім. Сол кезде бұл нарықтың құлдырайтынын мәлімдедіңіз. Сонда бұл туралы сіз бірінші болып айтқан едіңіз.
Григорий Марченко: «Халық банкте» мен бұл туралы ашық айттым. «Халықта» біз жылжымайтын мүлікке мүлде несие бермейміз деп шештік. Назарбаевтың мені сол үшін сынағаны бар. Ол бұл шешімімді жас астанамызға жасалған құрметсіздік деп бағалады. «Иә, ол жақсы банкир болуы мүмкін, бірақ ол жылжымайтын мүлік туралы ештеңе түсінбейді»,– деп бәрі күле қараған. Содан кейін Алматыдағы бағасы ешқашан түспейтін «алтын квадрат» туралы ертегілер айтыла бастады. Адамдар экономикалық тарихтан бейхабар. Мұндай кезеңнен Франция, АҚШ және басқа да дамыған елдер өткен. Бізде мұндай жағдай бірінші рет болып тұрғандықтан, көпшілік қиындықтар болмайды деп деп ойлады. Кейін менің болжамдарым дәл келген кезде бұл туралы Назарбаевтың есіне салдым. Ол маған: «Сен мұның бәрін айтқаныңмен, ақырын айттың. Сондықтан көп сөйлеме және өзіңді ең ақылдымын деп ойлама»,– деді. Сол эйфория кезінде біз «Халықты», бүкіл банк жүйесін сақтап қалдық деп ойлаймын. Егер мұндай банк сол кезде жылжымайтын мүлікке кіргенде, оның салдарын жою әлдеқайда қиын болар еді.
«Халық банкінде» біз сыртқы қарыздарды азырақ алдық, бірақ олар бізге еш қиындықсыз келді. Ал 2006 жылдың желтоқсан айының басындағы IPO-дан кейін, біз шамамен бес апта бойы price-to-book бойынша 6,18 көрсеткішімен әлемдегі ең қымбат банктердің бірі болдық.
Сергей Домнин: Бұл немен байланысты болды?
Григорий Марченко: Нарық қызып кетті, біз одан сәтті шыға білдік. Біз үш тоқсанның есебін, желтоқсанның басында шығарып алдық. Нарықта жаңа шығарылымдар өте аз болды. Сонымен бірге Араб елдерінен келген инвесторлардың сұранысын бағаламадық, ал халық асықты. Біздің елде бұл туралы ешкім ойламады, америкалықтар мен еуропалықтар тарапынан сұраныс болады деп үміттенді. Нәтижесінде біз орналастыру көлемінің шамамен 22 пайызын Таяу Шығыстан келген инвесторларға сатып жібердік.
Ярослав Разумов: Тоқсаныншы жылдардың басында Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі мен Үкімет арасындағы өзара іс-қимыл қалай құрылды?
Григорий Марченко: 1994 жылдың ақпанында үкімет «аралық есепке» көшу механизмін енгізді. Ұлттық банк бұған үзілді-кесілді қарсы болды. Аралық есеп идеясы эмиссия арқылы кәсіпорындарға ақша беру еді. Олар осы ақшамен қарыздарын өтейді. Солай кете береді. Бірақ ақша алып алған соң компаниялар қарызды төлеудің орнына валюта нарығына кетіп қалды. Бұл туралы Ұлттық банк үкіметке ескерткен болатын. Айналымдағы ақша көлемі бір мезгілде шамамен 76%-ға өсіп кетті.
Бұл саясаттың нәтижесінде айырбас бағамы бір доллар үшін 11 теңгеден 40 теңгеге дейін төмендеді. Бұл біздің еліміздің тарихындағы ең үлкен девальвация болды. Ол туралы ешкім айтқысы келмейді, бәрі ұялады. 2009 жылғы девальвация кезінде валюта 23%-ға әлсіреді. 1994 жылғы маусымда айлық инфляция 46,5% болды.
Одан кейін Ұлттық банк үкімет кепілдігімен бағытталған несиелер бере бастады. Соның салдарынан кәсіпорынның 80 пайызы қарызын қайтармады, біз бұл қаражатты мемлекет есебінен шығардық. Бір облыста осы есептен шығарудың кесірінен қыстыгүні электр жарығы мен жылудан ажыратылған филиал басшысы болды. Ол балалары мен әйелін әке-шешесіне жіберіп, үйінде тон киіп түнеп жүрді.
Содан кейін біз аукциондық несиелерге ауыстық. Содан кейін ғана қалыпты банктік қызметке көштік. Оған көшу үшін 2 жыл қажет болды. Қаншама шайқастан өттік?! Қазір көпшілік 1992-1993 жылдары Ұлттық банктің парламентке бағынғанын ұмытты. Ол кезде бірнеше депутат Орталық банк басшысы Ғалым Байназаровтың қабылдау бөлмесіне кіріп алып, өз құрылымдарына несие беруге үгіттеп отыратын. Сондай бір депутат кейін Австралияға қашып кетті, себебі оның құрылымы қарыздарын мүлде төлемеген.
Ол кезде шынын айтсам, қаржылық сауаттылықтың жалпы деңгейі төмен болды. Мен АҚШ-тан оқудан келе салғанда, мені бірден аграрийлермен кездесуге жіберді. Мен оларға инфляцияның жоғары жағдайында несие қайтару оңайырақ болатынын ұзақ түсіндірдім, бірақ одан ештеңе шықпады. Олар менің бұл айтқандарымды таза келеке деп түсінген шығар.
Сергей Домнин: Сіз Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі тоқсаныншы жылдары анағұрлым тәуелсіз саясат жүргізгенін айтып жүрсіз. Сол кезде өзіңізді тәуелсіз ұстауға не себеп болды?
Григорий Марченко: Толық тәуелсіздік ешқашан болған емес – Ұлттық банк әрқашан президентке тәуелді болды. Үкіметке келетін болсақ, онда біз шынымен де тең жағдайда дауласа алатын едік және кей тұстарда келіспеуге де болатын. Бізге үлкен тәжірибесі бар, Мемлекеттік жоспарлау комитетінде ұзақ уақыт қызмет еткен, ел экономикасын жетік білетін Дәулет Сембаевтың салмағы мен беделі көп көмектесті. Сонымен қатар, біз прогрессивті банк заңын әзірледік. Иә, мен өмір бойы орталық банктің тәуелсіздігін қолдап келген адаммын. Бірақ Сингапурда Орталық банк Қаржы министрлігінің бөлігі саналады. Өздеріңіз көріп отырғандай ол ең табысты әрі бай елдердің бірі.
Сергей Домнин: Кейбір сарапшылар әлі күнге дейін Орталық банктің басшысы бола тұра, сіз инфляциялық таргеттеуге (ИТ) көшуді кешіктірдіңіз деп есептейді. Бұған сіз не деп жауап берер едіңіз?
Григорий Марченко: Жалпы, инфляциялық таргеттеу Ресей Федерациясы сияқты көршісі бар елге жарамайды деп ойлаймын. Өйткені мұнай бағасы күрт төмендеген уақытта Ресейде міндетті түрде девальвация жүреді. 7000 шақырым ортақ шекара мен импортқа үлкен тәуелділік бар. Мұндай жағдайда валютаңыздың құнсызданудан басқа амалы қалмайды. Біз 2014–2015 жылдары «тәжірибе» жүргіздік, бірінші кезекте мерзімінен бұрын девальвация жасадық, содан кейін сегіз айда алтын-валюта қорынан 23 миллиард доллар жұмсап, екінші рет жасауға тура келді. Онда біз теңге бағамын ұстап тұруға тырыстық. Ресейлік девальвация мен біздің девальвация арасында ресейлік тауарлардың долларға шаққандағы құны екі есе арзандады. Бұл біздің ШОБ үшін ауыр соққы болды. Содан кейін мемлекет бизнесті жеңілдетілген несиелермен қолдауға кірісті, бірақ сегіз айдың ішінде кәсіпорын иесі жұмысшыларын жұмыстан шығарып, құрал-жабдықтарын сата бастайды. Оған мұндай жеңілдетілген несиенің керегі де болмай қалды. Сол үшін де 2015 жылдың қаңтарында бір девальвация жасау керек еді. Тағы бір қателікті айта кетейін, 2015 жылдың соңында теңге бағамының тым аспандап кетуіне жол беру үлкен қателік болды. Бағамның өсуіне шамадан артық өсуіне жол берілді деуге болады. Бірақ оның түпкі себебін айтпаймын.
Инфляциялық таргеттеу үшін теориялық негіз бар, бірақ айтыңызшы, қазір ірі орталық банктердің қайсысы инфляциялық таргеттеу саясатын ұстанады? Ауызша айтылғанымен, іс жүзінде ешкім ұстанбайды. Еуропалық орталық банкінің бұрынғы төрағасы Марио Драгидің өзі: «Біз еуро құнын ештеңеге қарамастан, ұстап тұрамыз», – деп айтқан. Бұл инфляциялық таргеттеу саясатына қаншалықты сәйкес келеді?
Ярослав Разумов: Сіз Ұлттық банктен кеткелі бері ондағы басшылармен араласып, барып тұрасыз ба?
Григорий Марченко: Осы уақыт ішінде мен Ұлттық банк ғимаратына бір рет қана бардым. Биыл теңгенің отыз жылдығына фильм түсіруге байланысты шақыртты. Ал 2013 жылдан кейін ҚР Ұлттық банкі төрағаларының ешқайсысымен араласпадым.
Сергей Домнин: Олар сізбен араласуға ниет білдірмеді ме?
Григорий Марченко: Арасында болды. Бірақ бәрі деп айта алмаймын.
Бәрін құтқару міндет емес
Сергей Домнин: 2008–2009 жылдардағы банк дағдарысын еске түсіріңізші. Ол кезде банктерді құтқару мүмкін болмады, олардың құлдырауына жол беру арқылы болашақта мұндай күмәнді жағдайлардың қайталанбауына мүмкіндік ашады деген тұжырымға қалай қарайсыз?
Григорий Марченко: 2009–2010 жылдардағы банктердің қарыздарын қайта құрылымдаудағы әрекеттерін ерлікке балауға болады. Әуелі Euler Hermes-тен әіптестеріміз келді. Олар бізге: «Сіз бәрін қайтарасыз, есептен шығаруға болмайды!», – деді. Ал АҚШ-тың Эксим банкінен келген сүйкімді қыз теңіз жаяу әскерін жіберуге уәде берді. Бұл оқиға 2009 жылы Ұлттық банк төрағасының кабинетінде тағы он адамның қатысуымен болған. Нәтижесінде 10,5 млрд доллар есептен шығарылды – бұл біздің экономиканың көлеміне және банк секторының көлеміне қатысты жеткен үлкен ерлік болды. Содан кейін EY Исландиядағы, Ирландиядағы және Қазақстандағы банктік қарызды қайта құрылымдауына қатысты салыстырмалы талдау жасады. Онда біз үлкен айырмашылықпен бірінші орынға шықтық. Бұл бір жарым жылға созылатын күрделі процесс болды, көптеген келісім жасалды. Бірақ көптеген сыншының талдаумен айналыспайтыны өкінішті.
Жалпы, коммерциялық банктер жекеменшік болуы керек және мемлекеттен көмек алмауы керек, мемлекеттік бағдарламаларға қатыспауы керек деп есептеймін. Бұл кейін олардың өзіне кері әсер етуі мүмкін. Мен құқық қорғау органдарының қызметі жайлы және т.б. мәселелер туралы айтып отырмын.
Ал егер сол кездегі жағдай туралы айтатын болсақ, бұл құтқару процесінде әртүрлі кезеңдер болды. Мен үнемі жүйелік маңызы бар банктерге ғана көмектесу керек деген қағиданы ұстандым, сондықтан біз БТА мен Альянсқа көмектестік. Бірақ RBK немесе кейінірек Jusan атанған банкке келетін болсақ, олардың ешқандай жүйелі мақсаты болмады, ондаған мың салымшылары бар еді. Өкінішке қарай, кейбір дұрыс нәрселерді жасағанда, ол нәрсе барлық санаттарға да таралап, қолданыла бастайды. Оның нәтижесі соңында жақсы болмай шығады. Мұндай жағдайлар жиі болып тұратыны өкінішті.
Ярослав Разумов: Қазақстан Республикасының сол кездегі банк жүйесіне ТМД бойынша ең үздік деген баға берілді. Бұл қаншалықты әділ бағалау деп ойлайсыз?
Григорий Марченко: Көптеген адам біздің жүйемізді жақсы бағалады. Ресейлік әріптестер де оң бағалағанын айта кеткен жөн. Шамамен 2002 жылдың шамасында бізге Ресей Федерациясының Орталық банк төрағасының орынбасары Андрей Козлов келіп, журналистердің қатысуынсыз өткен кәсіби конференцияда Қазақстан банк секторының дамуы жағынан Ресейден 5 жылға озып кеткенін айтты. Ал басқа елдерден одан да көбірек ұзап кеткеніміз жиі айтылатын.
Сергей Домнин: 2007 жылы Қазақстан Республикасынан шетелдік банктердің кету тенденциясын алғашқылардың бірі болып сіз бастап бердіңіз. Ал Қазақстан билігі бұл үрдісті бұзып, шетелдік ойыншыларды тартуға талыпынып жатыр. 15–17 жыл бұрынғы жағдайды айтатын болсақ, бұл үрдістің басталуына не себеп болды?
Григорий Марченко: Бәсекелестіктің болуы себеп. Бізде шетелдің қатысуымен жұмыс істейтін банктер бар, бірақ олардың барлығы халықаралық ірі компаниялардың «зәкірі» іспетті. Не біздің нарық ұлғаюы керек, не бізге ірі шетелдік инвесторлар келуі керек – жапондық, малайлық, еуропалық, америкалық маңызды емес. Оларға қызмет көрсету үшін ірі банктер қажет болады. Бірақ бізге қайта келетін шетелдік банктер шағын немесе орта бизнеске немесе тұтынушылық несиелеуге бармайды.
Бір қызығы, қазір Өзбекстан шетелдік банктер үшін мемлекеттік қаржыландырудан толықтай тәуелсіз үлгі құра алатын қызықты нарық бола алады. Жалпы, аймақтағы ең үлкен әлеует Өзбекстан мен Моңғолия экономикаларында шоғырланған. Өзбекстанда күшті нақты сектор, еңбекқор халық және өте төмен бағаланған валюта бағамы бар. Мәселе олардың теңізден алыстығында. Ал Моңғолияның халқы аз, бірақ орасан зор ресурстары бар. Бірақ инфрақұрылымы нашар – ұлттық теміржол желісі жоқ.
Көршінің әлеуеті
Ярослав Разумов: Оңтүстіктегі көршіміз тақырыбын жалғастыратын болсақ, Өзбекстан Қазақстан секілді мұнай бағасына тәуелді емес.
Григорий Марченко: Мен ондағы жағдайды жақсы білемін. Ең бастысы, ол жақта қаржы нарығы дамымағанымен, нақты сектор дамыған. Банк жүйесіндегі міндеттемелердің 60%-ға жуығын мемлекет қалыптастырады, ал халық жинағы сондай көп емес.
Қазақстанда, керісінше, кейбір адамдардың қызметінің арқасында қаржы саласы қарқынды дами түсті. Нұрсұлтан Әбішұлы мені Ислам Әбдіғаниұлына қаржы секторының құрылысы бойынша кеңес алу үшін үш рет жіберді, екі рет Қазақстан Республикасына іссапары барысында жанында жүрдім. Ол ақылды адам еді, бірақ әйтсе де, ағаштың ар жағынан орманды көре алмады. Оның есте сақтау қабілеті күшті еді. Күкірт қышқылын шығаратын қандай цех орнатқанын, оның қуаттылығы қандай екенін, бұл күкірт қышқылын қайдан әкеліп жатқанын, қанша вагон сатып алғанын, тағы қанша қажет екенін жатқа айта алатын. Ұсақ-түйегіне дейін білетін. Бірақ теңгені шетел валютасына емін-еркін айырбастай алатынымызға сене алмады. Назарбаев оған бірнеше рет теңге ұстатты. Ол қаланы аралап жүріп, кездейсоқ ақша айырбастау пунктіне кіретін. Ол осылайша бұның расымен де қойылым емес екеніне көз жеткізгісі келетін.
Мен мұны 20 жылдан кейін аяқталатын қызықты эксперимент деп санаймын. Қайсы ел дұрыс жасағаны сонда белгілі болады? Қазақстан ба? Өзбекстан ба? Біз қаржы секторын дамытуға басымдық бердік, ал олар нақты секторды дамытуға басымдық берді. Нәтижесінде біздің қаржы секторымыз шаң қақтырмай кетті. Бәлкім, мәңгілікке жеткізбейтін шығар. Бірақ нақты сектор туралы олай деп айта алмаймыз.
Ярослав Разумов: Қазақстанның нақты секторда артта қалуының себебі неде?
Григорий Марченко: Өзбекстандық әріптестеріміздің айтуынша, біздің басты проблемамыз – кәсіпорын деңгейінде экономиканы басқару нашар дамыған және министрліктер өзара дұрыс байланыс орнатпаған. Қазақстанда үш индустрияландыру бағдарламасы болды, бірақ олар қандай нақты нәтижелерге әкелді? Осы уақыт ішінде өзбектер автомобиль шығаруды жолға қойып, шоғырландыру көлемін 60%-дан асырып тастады. Сонымен бірге олар өздері үшін адал жұмыс істеді: ұшақ зауытын толығымен бұзып, автомобиль өнеркәсібін қалпына келтірді. Бұл жерде теріс әсер еткен фактор импортқа үлкен тәуелділік болды. Бірақ қорытынды жасауға әлі ерте деп ойлаймын. Тағы 20 жыл тоса тұрайық, олар да қаржы секторын реформалап, шетелдік инвестицияға қатысты біз сияқты әрекет жасайтын шығар.
Ярослав Разумов: Сіз 15 жыл бұрын да дәл осылай айтқансыз. Осы үшін сізді көпшіліктің сынағаны есімде. Мен сіздің бұл пікіріңізді «Панорамада» қорғап жазғаным есімде. Неліктен сіздің және басқалардың бұл ойлары, айталық, жоғары салаларда қолдау таппай келеді?
Григорий Марченко: Идеялар біреу оны жүзеге асырғанда ғана жемісті болады. Мысалы, мына үш идеяны қараңыз. Біріншісі – теңгені енгізуге дайындық. Мен осы мәселені көтеріп, вице-президент Ерік Асанбаевқа бардым, ол Назарбаевқа барды, барлығы қолдады – саяси шешім қабылданды, Мемлекеттік комиссия құрылды, теңге енгізілді. Бұл бірден жүзеге асқан жемісті идея болды. Бұл өте сәтті іске асқан әрі жиі бола бермейтін оқиға болды.
Ал екінші идея – депозиттерге кепілдік беру қорын құру болды. Мен мұны 1996 жылы жасағым келді, бірақ ол кезде банктер мені қолдамады. Нақтырақ айтсақ, сол кезде «Халықтың» басшысы болған Зейнолла Кәкімжанов қарсы шықты. Ол: «Неге мен басқа банктерге комиссия төлеуім керек?» деп қарсылық білдірді. Ал мен Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің төрағасы болған кезде бұл идеяны президентпен келісіп, 2000 жылы жүзеге асырдым. Яғни, алғашқыда идея жақсы болды, бірақ ол сол кезде қолдау таппағандықтан 4 жылдан кейін бірақ жүзеге асырылды.
Үшінші идея – Шанхай ынтымақтастық ұйымы елдерінің аймағында Гонконг долларын есеп айырысу валютасы ретінде пайдалану. Бұл есеп айырысуларда АҚШ долларынан бас тарту дегенді білдіреді. Мен мұны 2011 жылдан бері айтып келем, бірақ содан бері ешнәрсе өзгермеді. Өйткені оны әлі де ірі ойыншылар мен саясаткерлердің ешқайсысы қолдаған жоқ. Бұл соңғы идея өзінің жемістілігі жағынан алдыңғы екеуінен әлдеқайда жақсырақ.
Егер олар мұның бәрін жасап, төлем жүйесін құрса, SWIFT-тен ажырау секілді кез келген келеңсіздіктерден қорықпауға болатын еді. Гонконг реттеушісі валюталық кеңес режимінде жұмыс істейді, американдық долларға байланған. Валютаның өзі еркін айырбасталады және ол бірнеше рет айырбас бағамының шабуылдарына төтеп берді. Гонконгта үлкен қаржы нарығы бар және тәуелсіз реттеушісі бар. Әзірге бұл идея Бейжіңде де қолдау таппай отыр, өйткені олар ресми түрде юанды интернационалдандыруды мақсат етеді.
Ярослав Разумов: Сіз 2003 жылы «Коммерсант» газетіне берген сұхбатыңызда еуразиялық интеграция туралы айтып, ұзақ мерзімді перспективада біртұтас валюта енгізуді жақтайтыныңызды айттыңыз. 20 жылдан кейін осы мәселеге деген көзқарасыңыз, еуразиялық интеграцияға деген көзқарасыңыз өзгерді ме?
Григорий Марченко: Теориялық тұрғыдан алғанда, егер одаққа мүше елдер 10-15 жыл ішінде ақша-несие саясатын, фискалдық саясатты және әлеуметтік саясатты үйлестіруге көшкен болса, ЕАЭО-ның бірыңғай валютасы болар ма еді. Бірақ нақты әрекеттер жасалмады. Ол үшін 100 қадам жасау керек болса, оның бесеуі ғана жасалды.
Екіншіден, Украинасыз ЕАЭО аясындағы интеграцияның мағынасы жоқ деп есептеймін. 2001 жылы біз Назарбаевпен бірге Мәскеуге ұштық, сол кезде біртұтас экономикалық кеңістік идеясын тұжырымдадық. Бұл Путинге ұнап, Лукашенко мен Кучмаға телефон соғып, оны талқылады. Бірақ кейін бірқатар процеске байланысты идеяны жүзеге асыру мүмкін болмады. Қазіргі бестік әлемдік ЖІӨ-нің 2,5%-ын құрайды. Біз не туралы айтып отырмыз? ШЫҰ перспективасы әлдеқайда жоғары деп айтар едім. Ол жерде салмақты ел – Қытай бар, таразы басын Ресей мен Үндістан да теңестіре алады, тек оның тетіктерін реттеу керек.