Заң жобасы: ірі мұнай-газ кен орындарында Ұлттық компаниялардың үлесі артады
Болашақта ірі мұнай-газ кен орындарында Ұлттық компаниялардың үлесі артады. Бұл жайлы Мәжіліс отырысында айтылды.
Депутаттар «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне жер қойнауын пайдалану саласын жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екінші оқылымда мақұлдап Сенатқа жолдады.
«Заң жобасының негізгі мақсаты көмірсутектерді геологиялық барлау мен өндірудің инвестициялық тартымдылығын арттыру, базалық жобалау құжаттарға мемлекеттік сараптама жүргізу рәсімдерін оңтайландыру, кен орындарын әзірлеу процесіндегі жер қойнауын пайдаланушылардың қаржылай және әкімшілік шығындарын азайту», –деді депутат Еділ Жаңбыршин.
Жер қойнауын бақылауды заңнамалық реттеу мақсатында депутаттар ірі кен орындары бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын тікелей келіссөздер негізінде үлестік қатысуы елу және одан көп пайызды құрайтын көмірсутектер саласындағы ұлттық компанияға міндетті түрде беруді көздейтін түзетулер енгізді. Яғни заң күшіне енсе, ірі мұнай-газ кен орындарындағы Ұлттық компаниялардың үлесі артады.
Сонымен бірге депутат заң жобасы жаңа нормалармен кеңейтілгенін, 80-нен астам нормалар қаралғанын айтты.
«Бұл нормалардың мақсаты мұнай мен газды барлау жұмыстарына қаржы тартуды ынталандыру. Өйткені бүгінгі таңда жеңіл мұнай дәуірі аяқталып жатыр. Көмірсутектің ең ірі орындары кем дегенде 4,5-5 мың метр тереңдікте орналасқан. Бізде әлі де көзі ашылмаған ірі кен орындарының бар екеніне күмән жоқ. Мамандардың болжауына сәйкес Қазақстанның 15 шөгінді бассейніндегі көмірсутек қорының әлеуеті 76 млрд тонна шартты отынмен бағаланып отыр», – деді депутат.
Сонымен бірге ресурстардың едәуір бөлігі Каспий аймағында девон және девонға дейінгі шөгінділерде орналасқан деп болжанады. Яғни бағаланған көлемнің 64 млрд тоннасы Каспий ойпатына тиесілі екен.
«Бұл – орасан зор қор. Сондықтан геологиялық барлау жұмыстарын жан-жақты жандандыруымыз қажет. Күрделі кен орындар, әрине геологиялық барлау мен мұнай-газ игеруге жұмсалатын шығындардың көлемін едәуір арттырады. Бірақ жоғарыда аталған көмірсутектерді табу мен игеру қазір қиын болғанымен, болашақта озық білімді жас кадрлар мен инновациялық технологиялар экономикаға тиімді әдістерге қол жеткізуге мүмкіндік беретіні анық», – дейді депутат.
Сонымен бірге қосымша инвестициялық міндеттемелер қабылданса, екінші деңгейдегі банкте 750 мың ең төмен есептік көрсеткіш мөлшерінде міндетті түрде ақшалай қаражат орналастырылған жағдайда барлау кезеңін үш жылдан аспайтын мерзімге бір рет ұзарту мәселесі қарасытырылған. Сондай-ақ ескі кен орындарын тиімді пайдалануды қолдау мақсатында «сарқылып жатқан кен орны» деген өлшемшарт және «жер қойнауын пайдаланушының инвестициялық міндеттемесі» деген жаңа келісімшарттық міндеттеме енгізуді көздейтін түзетулер енгізілген.