Астана отын-энергетика кешенінің басшысы параға үй алған ба?

Жарияланды
Фото: shutterstock, gov.kz

Астана қаласы Отын-энергетика кешені және коммуналдық шаруашылық басқарма басшысы Марсель Ұзақов параға қала сыртынан үй алған деп күдіктеледі. Бұл жайлы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілі Арман Тілеукенов айтты.

«Астана қаласы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Отын-энергетика кешені және коммуналдық шаруашылық басқарма басшысының қылмыстық әрекетін тоқтатты. Ол Астанада кәріз тазарту құрылыстарын салу жөніндегі жұмыстарын жеткізушіні айқындау және бір көзден алу шартын жасасу кезінде оның мүдделерін алға тартқаны үшін жеке компания басшысынан қала сыртындағы үй түрінде ірі көлемде пара алды деп күдіктеледі», – деді Тілеукенов.

Соттың санкциясымен күдікті қамауға алынып, қамауға дейінгі тергеп-тексеру басталған.

Еске сала кетсек, 13 қараша күні Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу соты қала әкімдігінің отын-энергетикалық кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Марсель Ұзақовқа қатысты 2 ай мерзімге күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады. Ол кезде Астана сотының баспасөз қызметі Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сүйеніп, Ұзақовтың қай бап бойынша қамауға алынғанын нақтыламаған еді.

Сонымен бірге агенттік өкілі Арыстанбек Мұхамедиұлының «Көшпенділер» фильмі үшін салынған бекіністің арзанға сатылуына қатысы бар-жоғы тексеріліп жатқанын хабарлады. Антикор «Қазақфильмнің» экс-президенті «Көшпенділер» фильмі үшін салынған бутафор бекіністі нарықтық құнынан 44 есе арзанға сатты деп тұжырымдайды

Сондай-ақ оқыңыз