Ұлттық валюта күні: Қазақстанның қаржылай тәуелсіздік алғанына 30 жыл
Бүгін ұлттық валютамызға 30 жыл толып отыр. Дәл осы күні таңғы 8-де Қазақстан өз ақшасы қолданысқа енгізіліп, экономикалық тәуелсіздік алды.
12 қараша күні сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаев теңгені Қазақстанның ұлттық валютасы ретінде енгізу туралы Жарлыққа қол қойған.
«Қазақстан Республикасының аумағында 1993 жылғы 15 қарашада сағат 08.00-ден бастап /жергілікті уақыт/ Қазақстан Республикасының ұлттық валютасы-теңге айналысқа енгізілсін. 1993 жылғы 18 қарашада сағат 08.00-ден бастап /жергілікті уақыт/ теңге Қазақстан Республикасындағы бірден-бір заңды төлем құралына айналады. Теңге 100 тиыннан тұрады. Қазақстан Республикасында қолдағы ақша банкноттар мен монеталар түрінде айналыста болады. Теңгені Қазақстан Республикасының аумағында меншік нысандарына қарамастан барлық жеке және заңды тұлғалар төлемдердің барлық түрінде, сондай-ақ ешқандай шектеусіз салымдар мен шоттарға қосу үшін банктер қабылдауға міндетті», делінген тарихи құжатта.
Ал ұлттық валютамыздың дизайнын жасауға Тимур Сүлейменов, Ағымсалы Дүзелханов, Меңдібай Алин және Хайрулла Ғабжалилов сынды суретшілер тобы жұмылдырылған. Олар қазақ ғалымдары мен мәдениет қайраткерлері: Сүйінбай, Абай Құнанбаев, Шоқан Уәлиханов, хан Әбілқайыр мен хан Абылай бейнеленген теңгенің алғашқы дизайнын жасап шығарды. Бұл дизайн көпшіліктің көңілінен шықты. Сол кездегі теңгенің сапасы да сол тарихи тұлғалардың болмысына тең келетін. Сыйы да, құрметі де, құны да болды!
Ұлттық валюта тарихында теңгеміздің дизайны үнемі өзгеріп, жақсарып, қорғаныш белгілері жаңаланып тұрған. Халықаралық ұйымдар теңгені бірнеше рет әлемдегі ең үздік валюта деп таныды. 2021 жылға дейін Қазақстан теңгесі қатарынан 3 рет үздік банкнот атанған.
Мәселен 2011 жылы IBNS таратқан ақпаратта «100-ге жуық жаңа банкноттар арасында үлкен бәсеке» болғаны жазылған, ал дауыс беру барысында Қазақстанның Ұлттық банкі мен британдық De La Rue компаниясы әзірлеген теңге канадалық 100 доллар мен Гибралтардың 100 фунтын басып озған. Айта кетейік, бұл ІV серияда шығарылған, «Қазақ елі» монументі бейнеленген 10 мың теңгелік банкнот болатын. 2012 жылы тағы да барыс бейнеленген 5 мың теңгелік ақша да үздік деп танылады. Ал 2013 жылы «Күлтегін» естелік банкноты үздік деп танылған. «Күлтегін» номиналы Сол жылы 1000 теңгелік купюра («Күлтегін» номиналы) жаңа 5 евродан, жетілдірілген қорғанысы бар $100 доллардан және 2014 жылғы Сочидегі ХХІІ Олимпиадалық қысқы ойындар мен ХІ Параолимпиадалық қысқы ойындарға арналған естелік 100 рубль банкнотадан басым түседі.
Тағы бір қызық дерек, қолдан ең жиі жасалатын – 2 000 және 5 000 теңгелік банкноттар екен. Анықталған жалған ақшаның 42,5% және 37,6% пайызын теңгенің осы номиналдары құрайды. Сонымен қатар жалған банкноттардың басым бөлігі Алматыда жасалады.
Ал шілдеде «Ұлттық валюта – Қазақстан теңгесі банкноттары мен монеталары дизайнының тұжырымдамасын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2018 жылғы 12 желтоқсандағы № 804 Жарлығына өзгеріс енгізілетіні хабарланды. Оған сәйкес, теңгенің дизайны өзгеріп, Ұлттық Банк Төрағасының қолы қойылатын болады.