Шығын 1 млрд теңгеге жуық: Ақтөбе облысында жалған фермерлер «Сыбаға» бағдарламасының ақшасын жымқырған
Ақтөбе облысында жалған құжат жасап, бөгде тұлғаларға шаруа қожалығын тіркеп, «Сыбаға» бағдарламасы арқылы 970 млн теңге несие алғандар анықталды. «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-дан бөлінген қаражатқа асыл тұқымды ірі қара мал сатып алынуға тиіс еді. Алайда оны қолма-қол ақшаға айналдырған.
Қаржы мониторингі агенттігі тергеу барысында жалған құжат пайдаланып, асыл тұқымды ірі қара сатып алуға бөлінген несие қаражатын қолма-қол ақшаға айналдырып, сондай-ақ бөгде тұлғаларға шаруа қожалықтарын ресімдеген 3 тұлға анықталғанын хабарлады.
Олар мемлекетке жалпы сомасы 970 млн теңгеден аса ірі мөлшерде залал келтірген.
«Қазіргі уақытта 3 күдікті ұсталды, оларға қатысты сот «қамауда ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасын қолданды. Күдіктілердің шамамен 260 млн теңгеге жылжымалы және жылжымайтын мүлкіне тыйым салынды. ҚР ҚПК-ның 201-бабының тәртібімен тергеу мүддесінде өзге де ақпарат жариялауға жатпайды», – делінген ҚМА хабарламасында.
Бұған дейін ҚМА Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының 2,1 млрд теңгесі жымқырылғанын анықтады.
Сонымен қатар 700 млн теңге жымқырған Шымкент қаласы әкімдігінің лауазымды тұлғасы ұсталды.