Жаңалықтар

«ҚазТрансОйл» Ақтау портынан мұнай экспорттауды 54%-ға ұлғайтты

«ҚазТрансОйл» Ақтау портынан мұнай экспорттауды 54%-ға өсірді \ Фото: «ҚазТрансОйл»

«ҚазТрансОйл» АҚ 2023 жылдың 10 айында Ақтау портынан қазақстандық мұнай экспорттауды 54%-ға өсірді.

«2023 жылдың қаңтар-қазан айларында қазақстандық мұнайды Ақтау порты арқылы экспорттау көлемі 2 млн 800 мың тоннаға жетті. Бұл былтырғы жылы осы кезеңдегі көлемнен 981 мың тоннаға, яғни 54% көп», – делінген компания хабарламасында.

Дәлірек айтқанда, Ақтаудан Бакуге мұнай тасымалдау көлемі 964 мың тоннаға көбейіп, жалпы алғанда 1 млн 123 мың тоннаға жетті. Махачкала портына жіберілген қазақстандық мұнай көлемі 17 мың тоннаға артып, 1 млн 676 мың тоннаға жетті.

Еске сала кетейік, 2022 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Транскаспий  дәлізі бойынша мұнай тасымалдау көлемін арттыруды тапсырды. Осы тапсырмаға сәйкес «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ мен Әзірбайжан Республикасының SOCAR мемлекеттік мұнай компаниясы Теңіз кенішінен «Баку – Тбилиси – Джейхан»  мұнай құбыры бағыты бойынша жылына 1,5 миллион тонна мұнай тасымалдауды көздейтін келісімге қол қойған.

2023 жылдың І тоқсанында «ҚазТрансОйл» АҚ Теңіз кен орнынан Ақтау порты арқылы «Баку – Тбилиси – Джейхан» мұнай құбыры бағыты бойынша экспортқа 19 221 тонна мұнай жөнелтілген.