Жаңалықтар

Әлихан Смайылов қазір талқыланып жатқан  жаңа салық кодексі 2025 жылы қолданысқа енгізілетінін мәлімдеді

2025 жаңа салық кодексі қолданысқа енгізіледі / shutterstock пен premierministr.kz

2025 жылдан бастап Қазақстанда жаңа салық кодексі қолданысқа енгізіледі. Бұл туралы «Қазақстандық қамту 2.0» форумында бизнесті қолдау шаралары туралы сөз қозғағанда премьер-министр Әлихан Смайылов айтты.

«Жаңа салық кодексі 2025 жылы іске қосылады. Оған сай қайта өңдеу өндірісіндегі жаңа жобалар 3 жылға салық төлеуден босатылады», – деді Смайылов.

Өз сөзінде премьер жаңа кодекстің қоғамдық талқылауға енді жеткенін айта кетті. Бұдан бөлек, ол қазір бизнесті қолдау үшін жаңа жобалар 5 жыл бойы пайдалы қазбаларды өндіру салығынан босатылып жатқанын айтты.

Ірі бизнесті қолдау үшін «Бәйтерек» холдингі 2,2 трлн теңге, Өндірісті дамыту қоры 195 млрд теңге бөлген. Алда әлі 300 млрд теңге бөлу жоспары бар. «Даму» қоры 115 млрд теңге несие берген.

Өз сөзінде Смайылов шағын және орта бизнестің ЖІӨ үлесі 36,4% өсіп, бұл секторда жұмыс істеп жүргендер саны 14% артып, 4,3 млн адамға жеткенін атап өтті.

«2023 жылдың он айында экономика өсімі 4,9%-ды құрайды. Негізгі капиталға инвестициялау 12,6%-ға өсіп, 13,3 трлн теңгеге жетті. Үкімет пен Ұлттық банк жұмысының нәтижесінде инфляция екі есе, яғни 10,8% тежелді», – премьер.

Смайылов Үкіметтің «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірігіп, импорттық тауар үлесін қысқартуға тырысатынын айтты. Оның сөзінше, қазір мұнай-газ өндірісінде 75%, тау-кен өндірісде 15%, көлік құрыстыруда 13,5%, фармацевтикада 20% импорттық тауарлар қолданылады.

Осыған дейін Ұлттық экономика министр Әлібек Қуантыров мәжіліс депутаттарына жаңа кодекс дайындалып жатқанын айтып, оның ерекшеліктерін түсіндіріп берген. Министрдің сөзінше, жаңа кодексте салық салу базасы кеңейіп, халықаралық стандарттарға сай, транспарентті болады.