Үміт Шаяхметова БЖЗҚ-ны жеке секторды инвестициялауға шақырды
Зейнетақы қоры жеке секторды инвестициялауды бастауы қажет. Бұл туралы халықаралық биржалық форумда Halyk Bank төрағасы Үміт Шаяхметова айтты.
«Біздегі нарықтың көлемі мен мүмкіндігі аз ғана. Негізгі инвестор – зейнетақы қоры. Ал олар қазір корпоративті құнды қағаздарға инвестиция құймайды. Осылайша құнды қағаздардың корпоративті нарығындағы мүмкіндік одан сайын кемиді», – деді банк басшысы.
Ол БЖЗҚ-ға белгілі бір KPI қоюға болатынын айтты.
«Мен БЖЗҚ-ға KPI белгілеуді ұсынамын. Яғни олар тек квазимемлекеттік құнды қағаздарды ғана емес, корпоративті активтерді алуы керек. Ашық әрі сапасы жақсы эмитенттерді нарықтағы құнымен сатып алса, эмитент-компаниялар толығымен корпоративті басқаруда болғаны дұрыс», – деді Шаяхметова.
Егер БЖЗҚ жеке сектордың акцияларына инвестиция сала бастаса, корпоративтік бағалы қағаздар нарығының саудасы жақсаруы мүмкін. Себебі активтер тез сатылса, нарықтың саудасы жақсы жүреді. Сондықтан БЖЗҚ корпоративтік сектордың акцияларын неғұрлым көп сатып алса, компаниялар шығаратын бағалы қағаздар нарығы соғұрлым өтімді болады.
Үміт Шаяхметованың пікірінше, БЖЗҚ бір жылда сатып алуға жоспарлаған акцияларының 5%-ын корпоративті секторға бөле алады.
«Біз банк секторындағы құнды қағаздар мүмкіндігі халық пен заңды тұлғалардың депозиттері арқылы қалыптасатынын көріп отырмыз. Ең көп сауда – шамамен 27 трлн, егер біз бұған БЖЗҚ-ны қосатын болсақ, онда қосымша 14 трлн келіп, ол жаңа мүмкіндіктерге жол ашады», – деді ол.
Таяуда ғана Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов БЖЗҚ активтерінің екінші деңгейлі банктердің ұзақ мерзімді облигацияларына инвестиция ретінде бағытталатынын мәлімдеді.