«ҚазТрансОйл» жыл басынан бері Германияға 690 мың тонна мұнай жеткізгенін хабарлады

Жарияланды
фото: kursiv.media

Ал, қараша айында «ҚазТрансОйл» компаниясы Германияға 100 мын тонна мұнай жеткізуді жоспарлап отыр. 2023 жылғы 10 айда компанияның аталған елге жөнелтілімдерінің көлемі туралы баспасөз қызметі хабарлады.

«Биылғы қаңтар-қазан айларында Қазақстан мұнайын Германияға жеткізу үшін «Транснефть» ЖАҚ магистральдық мұнай құбыры арқылы «Адамова Застава» мұнай тапсыру бекетіне қарай тасымалданған шикізат көлемі 690 мың тоннаға жетті. Бұл мұнай транзиті Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы 2002 жылғы 7 маусымдағы тиісті келісімнің аясында жүзеге асырылады», делінген ақпаратта.

Жалпы, жыл соңына дейін бұл көрсеткіш кемінде 890 мың тоннаны құрауға тиіс.

«ҚазТрансОйл» Германияға жеткізу үшін «Адамова застава» мұнай тапсыру бекетіне жылына 1,2 млн тонна көлемінде қазақстандық мұнай тасымалдауға техникалық мүмкіндіктің бар екенін растайтынын хабарлады.

Бұған дейін Ресейдің «Транснефть» компаниясы қазақстандық «ҚазТранОйл» АҚ-мен 2024 жылы қазақ мұнайын Ресей жері арқылы тасымалдау туралы келісімге келгенін хабарлаған едік.

«Келіссөз нәтижесінде 2024 жылы Қазақстан мұнайын Ресей аумағы арқылы транзитпен тасымалдау қызметін көрсету туралы келісімге және «Транснефть» ЖАҚ пен «ҚазТрансОйл» АҚ арасындағы ынтымақтастық туралы жаңартылған меморандумға қол қойылды», – делінген ақпаратта.

2022 жылы Германия үкіметі Қазақстанға PCK Raffinerie (Шведт қ.) мұнай өңдеу зауытына «Дружба» мұнай құбыры арқылы Қазақстан мұнайын жеткізу туралы өтініш білдірген болатын.

«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ және Rosneft Deutschland маусым айында Raffinerie мұнай өңдеу зауытына шикі мұнай жеткізу туралы келісімшартқа қол қойды. Ол құжатқа сәйкес, «Дружба» мұнай құбыры арқылы Қарашығанақ кен орнынан айына 100 мың тонна көлемінде мұнай тасымалданады.

6 тамызда қазақ мұнайы айдалатын «Дружба» мұнай құбырының Польшадағы учаскесінде қысымның төмендеуіне байланысты құбырдың бір тармағының жұмысы тоқтап қалған еді. 8 тамызда ҚР Энергетика министрі Алмасадам Сатқалиев «Дружба» мұнай магистраліндегі апатқа қарамастан, Қазақстан мұнайы Германияға уақтылы жеткізіліп жатқанын мәлімдеген болатын.

Сондай-ақ оқыңыз