Жаңалықтар

2024 жылдан бастап жол апаты жиі болатын өңірлерде автокөлікті міндетті сақтандыру құны қымбаттайды

1 қаңтардан автокөлікті сақтандыру төлемі өзгереді / shutterstock

1 қаңтардан бастап елімізде автокөлікті міндетті сақтандыру әр өңірде тіркелген жол-көлік оқиғасының санына қарай анықталатын болатын. Осылайша, сақтандыру жарнасы кейбір өңірлерде қымбаттап, кей өңірде арзандайды. Қарағанды және Ұлытау облыстарында – сақтандыру құны өзгермейді. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі хабарлады.

Сақтандыру құны қалай есептеледі? Көлік құралы тіркелген өңірдегі көлік апатының саны басты назарға алынады. Өңірде апат қаншалықты аз болса, сақтандыру компаниясының тарифі де соншалықты төмен және сақтандыру төлемінің көлемі де азырақ болуға тиіс.

Қазір сақтандыру сыйлықақысының мөлшері бұрын жүргізушінің жасы мен көлік жүргізу стажы, автокөліктің типі, оны пайдалану мерзімі, автомобильдің тіркелген өңірі мен жүргізушінің қанша рет көлік апатына түскеніне қарай есептелетін.

Жаңа тәртіп бойынша өңірдегі көлік апатының санына қарай оларға түзету коэффициенттерін қолдану арқылы көлік құралы тіркелген өңірдің өз өлшемі әзірленеді. Қолданыстағы өзге де өлшемшарттар, оның ішінде көлік жүргізу тарихы да сақталады.

Өңірлер бойынша алып қарайтын болсақ: 11 өңірде автокөлікті сақтандыру құны төмендейді. Алматы қаласында  18%, Атырау облысында 29%-ға арзандайды. 7 өңірде сақтандыру құны артады. Астана қаласында  5%, Шымкент қаласында 9%-ға қымбаттайды.

Ақпаратта сақтандыру ұйымдары түзету коэффициенттерін жылына бір рет +/-10%-ға арттыруға немесе азайтуға құқылы екендігі айтылған.

Бұл тәсіл автокөлікті міндетті сақтандыру бойынша сақтандыру сыйақыларын уақтылы жаңартып отыруға мүмкіндік береді.