Жаңалықтар

АҚШ пен Қытай келіссөзі: Байден Си Цзинпинді диктатор санайтынын айтты

переговоры
Келіссөздерден кейін Байден Сиді әлі де диктатор санайтынын айтқан / Фото: reutersconnect.com

Сәрсенбі күні АҚШ президенті Джо Байден Қытай көшбасшысы Си Цзиньпинмен кездесіп, төрт сағаттық келіссөз жүргізді.

Нәтижесінде қарым-қатынасы бұзылған екі ел әскери ынтымақтастық орнатуға келіскен. Атап айтқанда екі тарап фентанил өндірісін шектеу және әскери байланыстарды қалпына келтіру туралы келісімге келген.

Фентанил химимялық есірткісін қытайлық химиялық компаниялар шығарады және оның Америкада кең қолданыла бастағаны АҚШ билігін алаңдатады. Қытай өз кезегінде фентанил прекурсорларының экспортына жол бермеу үшін тиісті шаралар қабылдайтынын мәлімдеген.

АҚШ тарапы келіссөздерден кейін, Қытаймен арадағы күрделі қарым-қатынастардың жақсарып келе жатқанына сенім білдірген. Байден қандай да бір түсініспеушіліктерді Қытай басшысымен телефон арқылы шешуге келіскенін айтқан. Дегенмен Вашингтон мен Бейжің арасында әлі де салқындық сақталады.

Мәселен, келіссөздерден кейін ұйымдастырылған баспасөз мәслихатында Байден Си Цзиньпинді әлі де диктатор деп санайтынын мәлімдеген. Баспасөз мәслихатында журналистер одан «Си Цзиньпиді бұдан әрі қарай да диктатор деп атай бересіз бе» деп сұраған.

«Әлі де солай. Оны диктатор дегендегі айтайын дегенім, ол бізден мүлде басқаша басқару формасына негізделген коммунистік елді басқаратын адам», – деп жауап берген АҚШ президенті.