Chia Tai Tianging қаржы пирамидасының Шымкенттік құрылымы 200 ден астам салымшыға 700 млн теңге залал келтірген

Жарияланды (жаңартылды )
Chia Tai Tianging қаржы пирамидасының салымшылары 700 млн теңгеден айырылды / kursiv.media

Қаржылық мониторинг агенттігі Шымкент қалалық департаменті Chia Tai Tianging қаржы пирамидасы құрылымдық бөлімшесінің басшысына қатысты тергеуді аяқтады. Бұл туралы қаржылық мониторинг агенттігінің ресми өкілі Әлібек Әбділов мәлімдеді.

2022 жылдың қарашасы мен 2023 жылдың сәуірі аралығында Chia Tai Tianging қаржы пирамидасының Шымкент қалалық филиалын басқарған азамат 200-ден астам салымшыны тартып, оларға 700 млн теңге көлемінде материалдық залал келтірген.

«Қазіргі уақытта күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеу аяқталды және іс сотқа жіберілді. Қаржы пирамидаларын құру қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын және мүлкі тәркіленіп, 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейтінін ескертеміз», – деді қаржылық мониторинг агенттігінің ресми өкілі.

Әбділов азаматтарды қырағы болуға және жинақтарын күмәнді қаржы ұйымдарына салмауға шақырды.

Айта кетейік, ҚР Конституциясының 77-бабының 3-тармағының 1-тармақшасына және ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабының 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкіммен белгіленгенге дейін әркім кінәсіз деп есептеледі. Компанияларды қаржылық пирамида белгілерінің бар-жоғына «Baiqa, piramida!» телеграмм боты арқылы тексеруге болады.

Chia Tai Tianging Pharmaceutical қаржы пирамидасы – атышулы компания. Ол бұған дейін Батыс Қазақстан, Ақтөбе және Атырау облыстарының 425 салымшысын сан соқтырған. Алаяқтарға алданған азаматтар 523 млн теңгеден айырылған.

Кейін ҚМА Батыс Қазақстан облысы бойынша департаменті Chia Tai Tianging Pharmaceutical қаржы пирамидасының Батыс Қазақстан, Ақтөбе және Атырау облыстары бойынша құрылымдық бөлімшесін ұйымдастырды деген күдіктіге қатысты істі аяқтап сотқа жіберді. Күдікті азаматтар өздерін инвестициялық компания ретінде таныстырып, жоғары және тұрақты кіріс ұсынған. Алаяқтар жеке тұлғалардың ақшасын тартып, кәсіпкерлік қызметке пайдаланбай, оларды қатысушылар арасында қайта бөліп отырған.

Бұған дейін агенттік Chia Tai Pharmaceutical қаржы пирамидасының 769 млн теңгеден асатын шығын келтіргенін хабарлаған болатын. 2023 жылғы наурыз айындағы мәлімет бойынша жыл басынан бері 12 қаржы пирамидасына қатысты 15 қылмыстық іс қозғалған.

Бұл туралы қаржылық монторинг агенттігінің басқарма басшысы Өмірсерік Тажмағанбетов 2021 жылмен салыстырғанда, қаржы пирамидалары туралы қылмыстық істер 3 есеге өсіп, 32-ден 72-ге дейін жеткенін жариялаған.

Бұған дейін Қаржы мониторингі агенттігі қаржы пирамидасы ретінде әрекет етеді деген күдікке ілінген, сондай-ақ сот үкімі шыққан ұйымдардың тізімін жариялады. Тізімге 22 ұйым енді. Олардың арасында Chia Tai Tianqing, Q-net, Incruises, QazHome сынды алаяқ компаниялар бар.

Сондай-ақ оқыңыз