Pfizer компаниясы Қазақстанда инновациялық вакцина өндірісін бастайды

Жарияланды
Фото: reutersconnect.com, shutterstock

VI Жаһандық инвестициялар жөніндегі қазақстандық дөңгелек үстел (KGIR) аясында ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың қатысуымен үздік шетелдік инвесторларды марапаттау және Қазақстанда жаңа жобаларды іске асыру бойынша келісімшарттарға қол қою рәсімдері өтті. Бұл туралы Үкімет баспасөз қызметі хабарлады.

KGIR-2023 алаңдарында Премьер-Министрдің қатысуымен АӨК, ТМК, денсаулық сақтау, жеңіл өнеркәсіп, машина жасау, білім беру, құрылыс қоспалары мен химиялық өнімдер өндірісі сияқты экономика салаларында $1,6 млрд сомасына 26 меморандум мен коммерциялық құжаттарға қол қойылды.

Премьер-Министр Pfizer-дің өңірлік президенті Патрик ван дер Лоомен әңгіме барысында Қазақстанда компанияның барлық бастамалары мен инвестициялық жобаларын іске асырудың маңыздылығын атап өтті.

«Қазақстан инвестиция мен озық технологиялар тартуға мүдделі. Pfizer препараттар өндірісін локализациялау мемлекетіміздің фармацевтика саласының дамуына серпін беретініне сенімдімін», — деді Премьер-Министр.

«Бүгін VI Жаһандық инвестициялар жөніндегі қазақстандық дөңгелек үстел (KGIR) аясында жаңа жобаларды іске асыру бойынша келісімшарттарға қол қою рәсімдері өтті. Негізінде бұл фармацевтика саласы бойынша үлкен жетістік. Қазіргі таңда бұл келісімдердің бірі, Pfizer компаниясымен болмақ. Қазақстанда Prevenar 20 инновациялық  өндірісі жолға қойылады. Айта кететін жайт, Pfizer әлем бойынша барлық рейтинг бойынша бірінші орындағы вакцина өндірушісі. Біздің елдегі дәрігерлер, оқу орындары мен ауруханадағы қызметкерлермен тәжірибие бөлісу жұмыстары да қарастырылған»,-деді «СК-Фармация»ЖШС басқарма төрағасы Ерхат Есқалиев.

Pfizer, Inc. – әлемдегі ең ірі фармацевтикалық компаниялардың бірі. 2020 жылы Pfizer неміс BioNTech компаниясымен бірге коронавирусқа қарсы вакцина және Paxlovid вирусқа қарсы препаратын жасады. Әзірленген препараттарды сату Pfizer-ге 2021 және 2022 жылдары рекордтық кіріс алуға мүмкіндік берді.

Сондай-ақ оқыңыз