«ӨКМ» операторы» бұрынғы құрылтайшысы Шынар Мұхтароваға сот үкімі шықты
Астанада «ӨКМ» операторы» бұрынғы құрылтайшысы Шынар Мұхтароваға сот үкімі шықты. Ол қылмыстық кодекстің 28-бабы 3-бөлігі – 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағы бойынша кінәлі деп танылып, 7 жылға бас бостандығы шектелді. Мұхтарова сот залынан босатылды.
Істі қараған судья Ибрагим Әлкенов Шынар Мұхтарованың 10 жыл бойы лауазымды қызмет атқара алмайтынын айтты.
«Шынар Мұхтарова қылмыстық кодекстің 28-бабы 3-бөлігі – 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағы бойынша кінәлі деп танылып, 7 жылға бас бостандығынан айырылсын. Қылмыстық кодекстің 63-бабы бойынша Шынар Мұхтарова тағайындалған жаза мерзімі шартты деп есептелсін», – деді судья Ибрагим Әлкенов.
Айта кетейік, 17 қарашада Шынар Мұхтарова соттағы соңғы сөзін айтты. Ол жасаған әрекетіне өкінетінін және шығынды толық өтегенін алға тартты.
«Тағылған айып бойынша кінәмді толық мойындаймын. Мұны бұған дейін де айттым. Жасаған қылмысым үшін өкінемін. Тағы да қайталап айтамын: заңды дұрыс білмей, жүргізіліп жатқан жұмыстың заңдылығына сеніп, бірқатар құжатқа қол қойдым. 2017 және 2018 жылы 920 миллион теңге көлемінде дивиденд алғанымды мойындаймын. 2021-2022 жылдары денсаулығымды тексерту үшін және операция жасату үшін Біріккен Араб Әмірліктеріне бардым. Қылмыстық іс қозғалғаны туралы білмедім», – деді Шынар Мұхтарова.
Ол ұсталғаннан кейін іс материалдарымен толық танысып шыққанын айтты. Нәтижесінде алынған дивидендті қайтару туралы шешім қабылдаған.
«Оларды алу Қазақстан Республикасының заңына қайшы екенін түсіндім және бірден қайтардым. Ол ақшаны ешқайда жұмсаған емеспін. Бәрін айта келе, менің шын жүректен өкінетінімді және денсаулығымды ескеріп, қылмыстық іс бойынша бас бостандығымнан айырмауды сұраймын», – деді сотталушы.
Айта кетейік, 15 қарашада «ӨКМ» операторы» бұрынғы құрылтайшысына қатысты істе жарыссөз басталды. Мемлекеттік айыптаушы Шынар Мұхтарованың тергеумен процестік келісімге келу туралы өтінішін қабылдаудан бас тартты. Сондай-ақ шартты түрде 7 жылға соттауды сұрады.
«ӨКМ» ОПЕРАТОРЫ» ІСІ
Мұхтароваға 2017-2018 жылдары Экологиялық кодекстің талаптарын бұзып, дивиденд түрінде заңсыз төленген 920 миллион теңгені иемденді деген айып тағылған.
Айта кетейік, 2022 жылы маусымында «ӨКМ» операторы» бұрынғы құрылтайшысы Шынар Мұхтароваға халықаралық іздеу жарияланды. Кейіннен ол Біріккен Араб Әмірліктерінен Қазақстанға жеткізілді.
«ӨКМ» оператаоры» ісі бойынша 2023 жылдың 3 шілдесінде қылмыстық іс бойынша төрт адамға үкім шықты. Экология вице-министрі Ахметжан Пірімқұлов 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ мемлекеттік қызмет және квазимемлекеттік секторда өмір бойы қызмет ете алмайды.
2016 жылдан 2019 жылға дейінгі кезеңде «ӨКМ» операторы» ЖШС директоры болған Светлана Коротченко 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол коммерциялық ұйымдарда 10 жыл мерзімге басшылық лауазымдарды атқару құқығынан айырылды. 2019-2022 жылдар аралығында ЖШС директоры болған Медет Құмарғалиев 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Коммерциялық ұйымдарда 10 жыл мерзімге басшылық лауазымдарды атқару құқығынан айырылды.
ЖШС қаржы директоры Рустам Темірбек 2 жылға бас бостандығынан айырылды. Оған рақымшылық жасау туралы заң қолданылып, коммерциялық ұйымдарда 5 жыл мерзімге басшы лауазымдарды атқару құқығынан айыра отырып, 1 жылға бас бостандығынан айырылды.