Жаңалықтар

537,2 млрд теңге: Halyk Grup бір жылғы пайдасын биыл 9 айда тапты

Фото: Halyk

Halyk Grup таза пайдасы қаңтар-қыркүйек айларында 30,8%-ға өсіп, 537,293 млрд теңгеге жетті. Қаржы институтының биылғы 9 айдағы шоғырландырылған қаржы есебінде бұл көрсеткіш бүкіл 2022 жылғы пайдамен пара-пар екені жазылған. «Халық банктің» 2022 жылғы таза пайдасы 539,1 млрд теңгені құраған.

2023 жылдың үшінші тоқсанында таза пайданың өсуіне орташа мөлшерлеменің жоғарылауы әсер еткен. Сонымен қатар, ЕДБ-нің несие портфелі айтарлықтай өскен. 2022 жылдың желтоқсанынан бері 9,4 пайыз қосылған.

Жай акционерлерге таза пайдасы да 37,7% өсіп, 172,1 млрд теңгеге жеткен. 2022 жылдың ІІІ тоқсанында бұл көрсеткіш 125 млрд теңгені құраған. Оған да бизнестің несие және транзакция қызметінің артуы себеп болған.

ІІІ тоқсандағы пайыздық шығын 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 35,1 пайыз өскен. Негізінен оған орта мөлшерлеменің өсімі мен клиенттердің теңгеде сақталған қаржысының артуы ықпал етті. Нәтижесінде таза пайыздық кіріс былтырғы ІІІ тоқсанмен салыстырғанда 19,7 пайыз өскен.

2023 жылдың ІІІ тоқсанындағы таза пайыздық маржаға пайыздық мөлшерлеменің айтарлықтай өсуінен кейін клиенттерге берілген несие бойынша да, сондай-ақ клиенттерге тиесілі сома бойынша да орташа мөлшерлеменің артуы әсер етті. Сонымен қатар, жалпы пайыздық активтердегі клиент несиелерінің үлесі айтарлықтай өсті. Оған қоса АҚШ долларының қымбаттауына байланысты несие ұйымдарының шетелдік валютадағы қолма-қол ақша мен қолма-қол ақшаның баламалары бойынша орташа мөлшерлемесі артты. Нәтижесінде таза пайыздық маржа ІІІ тоқсанда жылдық 6,8%-ға дейін көбейді»,– делінген банк хабарламасында.

Биыл ІІІ тоқсанда банктің активтері 0,3% азайған. Оған жыл басынан бері клиент қаржысының азаюы ықпал еткен. Есесіне 2022 жылдан бері клиенттерге берген несие қаржысы 9,4 пайыз көбейген. Банк, әсіресе, корпоративтік және ШОБ саласына жақсы несие берген.

Таза пайданың арқасында банктің жеке капиталы 2022 жыл сонынан бері 13 пайыз қосып, биыл 259,1 млрд теңгеге өскен.

2023 жылғы 24 қазанда Банк Visor International DMCC инвестициялық тобына кіретін сатып алушы консорциуммен «Халық Банк Қырғызстан» ААҚ-ның 100% акциясын сату туралы келісімге келді. Мәміле Қырғыз Республикасы Ұлттық Банкінің келісімін алғаннан кейін аяқталмақ.

Қазақстан Халық Банкі – бөлшек, ШОБ және корпоративтік банк қызметтерін, сақтандыру, лизинг, брокерлік қызметтер және активтерді басқаруды қоса алғанда, әртүрлі сегментте жұмыс істейтін Қазақстандағы жетекші қаржы тобы. Банк Қазақстан Қор Биржасында 1998 жылдан, Лондон Қор Биржасында 2006 жылдан бастап және Astana International Exchangeде 2019 жылғы қазаннан бері листингі бар.

Halyk Bank акцияларының 69,52%-ы «Алмэкс» компаниялар тобы арқылы Динара және Тимур Құлыбаевқа тиесілі болса, ал The Bank of New York Mellon несие мекемесі 28,52% жай акцияларына иелік етеді.