Жаңалықтар

Си Цзиньпин мен Джо Байден кездесуінің нәтижесі инвесторлардың көңілінен шықпады

Қытай төрағасы Си Цзиньпин Сан-Францискода өтіп жатқан Азия-Тынық мұхиты экономикалық ынтымақтастығы саммитіне қатысты. Фото: REUTERS

Америка қор биржаларының өткен тәулікте көрсеткен нәтижесі айтарлықтай болмады. Оған елдің энергетика секторындағы құлдырау себеп. Оған қоса, Қытай көшбасшысы мен АҚШ президенті кездесуінің нәтижесі нарық қатысушыларының көңілінен шықпады. Walmart акциялары компанияның пессимистік болжамы аясында қүрт арзандады. Осы және өзге де тақырыптарды әлемдік БАҚ-қа шолудан оқыңыздар.

АҚШ қор нарығының өсімі баяулады

CNBC басылымы АҚШ қор биржалары кеше елдің энергетика секторының төмендеуіне байланысты айтарлықтай нәтиже көрсетпеді деп жазады. Chevron акциялары 2% жоғалтты, ал S&P 500 кең индексі 3% -ға жуық кеміді.

Федералды резерв жүйесінің хабарлауынша, АҚШ-тың өнеркәсіп өндірісі қазан айында өткен аймен салыстырғанда 0,6%-ға төмендеген. Trading Economics мәліметтеріне сүйенсек, сарапшылар орта есеппен 0,3% қысқарады деп болжаған.

АҚШ-тың Wealth Management банкінің бас инвестициялық стратегі Том Хайнлин: «Экономикалық деректер экономика аздап баяулап жатқанын растайды – инфляция ЖІӨ айтарлықтай қысқармай-ақ төмендеп жатыр», – деді. Бұл ФРЖ ақша-несие саясатының қатаңдауына ықпал етуі мүмкін деп инвесторларды қобалжытып отыр.

Кеше сауда-саттық соңында Dow индексі 0,13% жоғалтты, ал NASDAQ пен S&P 500 шамалы (тиісінше 0,07% және 0,12%) өсті.

Zara жасыл энергияға инвестиция салды

Bloomberg сайты Zara компаниясының иесі Амансио Ортега жасыл энергия өндірушісі Repsol SA компаниясының 49 пайызын сатып алады деп жазады. Мәміле құны 395 миллион долларды құрап, Испанияда орналасқан жалпы қуаты 618 мегаватт болатын 12 жел электр станциясы мен екі күн фотоэлектр қондырғысын қамтиды. Бұл мәміле – жаңартылатын энергия секторындағы ең ірі және Ортеганың энергетика мен жылжымайтын мүлікке бағытталған үшінші келісімі.

Walmart акциялары құлдырады

Yahoo Finance басылымы Walmart үшінші тоқсанға есеп бергенін жазады. Компания кірісі 160,8 млрд долларды құрап, сатылым 4,7%-ға өскен. Бұл сарапшылар күткен болжамнан 3,35%-дан жоғары. Акцияға шаққандағы түзетілген пайда $1,53 құраған.

Walmart әлі күнге дейін АҚШ-тың ең ірі бөлшек сатушысы болып келеді, алайда компания белгісіз макроэкономикалық жағдайда болашаққа сақтықпен қарайды. Табыстың өскеніне қарамастан, компания жылдың қалған бөлігіне қатысты болжамын қатты көтермеді. Сақтықпен жасалған мәлімдеме салдарынан Walmart акциялары 8% төмендеді.

Илон Маск Қытай басшысы Си Цзиньпинмен кездесті

FOX Business-тің хабарлауынша, Илон Маск кездесу барысында Си Цзиньпинге «Қытайдағы электромобиль индустриясының қарқынды дамуы үшін» алғыс айтқан. Биыл Тесланың Қытай нарығына шыққанына он жыл толады.

Tesla компаниясының 2019 жылы пайдалануға берілген Шанхайдағы зауыты – автоөндіруші үшін ең маңызды өндірістік база. «Біз Қытайда жұмыс істеуді жалғастырамыз және жаңа электр көліктері, энергия сақтау және жасанды интеллект сияқты көптеген салада өнеркәсіппен бірге өсеміз деген үміттенеміз», – деді Тесла басшысы.

Кәсіпкер мен Қытай басшысы Сан-Францискода өткен АТЭС саммиті аясында кездескен. Саммит аясында Си Цзиньпинмен Джо Байден де келіссөз жүргізді. Инвесторлар бұл кездесуді асыға күткенімен, нарық екі ел арасындағы текетіресті тоқтатуға жасалған қадамды байқамады. Ресми мәлімдемелерде Америка Құрама Штаттарының Қытайға чип сатуды шектеп, бәсекені жалғастыратыны атап өтілген. Оның үстіне Джо Байден баспасөз мәслихатында Си Цзиньпинді тағы да «диктатор» деп атады.

Қысқа-нұсқа

  • АҚШ Қаржы министрлігінің Шетелдік активтерді бақылау басқармасы (OFAC) Ресейге қарсы санкцияны кеңейтіп, тізімге 20 ұйым мен үш танкерді қосты.
  • Латвия халықаралық қаржы нарығында жалпы сомасы 600 миллион еуро болатын еурооблигация (5,5 жылға) орналастырды. Бағалы қағаздардың тіркелген купондық мөлшерлемесі 3,875%, орналастыру табыстылығы 3,902% болды.
  • АҚШ-тың Бағалы қағаз және биржа жөніндегі комиссиясы биткоинге тікелей инвестиция салатын елдің бірінші биржалық қорын мақұлдау туралы шешімді 2024 жылға қалдырды. Бұл өтінімді Hashdex жіберген.