Жоғары сот Jusan Bank-тің «Бипэк Авто Қазақстанға» қарсы талабын қанағаттандырды

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
Jusan Bank
Жоғары сот Jusan Bank-тің «Бипэк Авто Қазақстанға» қарсы талабын қанағаттандырды / Jusan Bank

Қазақстанның Жоғарғы соты Jusan Bank-ке қарыздар болған «Азия Авто Қазақстанның» сатылуын заңсыз деп таныды.

«Жоғарғы Сот «First Heartland Jusan Bank» АҚ-ның «БИПЭК АВТО Қазақстан» АҚ-на, «ОНК» ЖШС-на «АЗИЯ АВТО Қазақстан» АҚ-ның 899 999 акциясын сатып алу-сату туралы шартты жарамсыз деп тану туралы кассациялық өтінішхатын және талап қоюын қанағаттандырды», – делінген Жоғарғы сот хабарламасында.

Талапқа сәйкес, «Бипэк Авто Қазақстан» Jusan Bank-тен алған қарызын қайтаруы тиіс.

2013-2019 жылдары «Бипэк Авто Қазақстан» мен «Азия Авто Қазақстан» Цесна банктен(қазіргі Jusan Bank) кредиттік келісімдер шеңберінде қарыз қаражатын алған. Қарыз алған екі компания 2021 жылы қарызды қайтару жөніндегі міндеттемелерді бұзғаннан кейін олардан сот арқылы банкке 66 млрд теңге берешек өндірілген.

Бұдан кейін банк «Бипэк Автоның» «Азия Авто Қазақстанның» 899 999 акциясын «ОНК» компаниясына сату туралы шартын жарамсыз деп тануды сұраған.Осыған дейін Шығыс Қазақстан облыстық соты банктің талабын қанағаттандырмаған. Ал Жоғарғы сот банк талаптарын негізді деп тауып, облыстық сот актілерінің күшін жойды. Осылайша банктің мүліктік мүдделері қалпына келтірілді.

«Бипэк Авто – Азия Авто» компаниялар тобының басшысы Анатолий Балушкинге іздеу жарияланған, оның шетелге кетіп қалғаны белгілі.

«БИПЭК АВТО» компаниясы Индустрия және инфрақұрылымды дамыту министрлігімен машина құрастыру туралы келісім тоқтағаннан кейін «Азия Авто» зауыты жұмысын тоқтатқан.

Осыдан кейін компанияның Шығыс Қазақстан облысындағы туристік нысандары жұмыстарын тоқтатып, Бірыңғай электронды сауда платформасы арқылы сатылымға шығарылған.

Сондай-ақ оқыңыз