Фото: wikimedia commons мен shutterstock
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімовке қатысты тергеу аясында бизнесмен Кеңес Рақышевқа тиесілі жер телімі сот шешімімен бұғатталған.
2022 жылдың желтоқсанында Astana Reality Group ЖШС Кеңес Рақышевтың үстінен сотқа арыз түсіріп, елордада тұрғын үй салуға арналған жер телімін босатуды талап етеді. Есіл аудандық соты талапты қанағаттандырмайды. 2023 жылдың наурызында Astana Reality Group аудандық соттың шешімін қайта қарау үшін Астана қалалық азаматтық істер бойынша сотқа жүгінеді. Сот бірінші инстанцияның шешімін өзгеріссіз қалдырады. Бірақ бұл шешімді түсіндіріп кетеді.
Астана қалалық сотының мәліметіне сүйенсек, Astana Reality Group талапты тым ерте қойып отыр. Себебі аталмыш жер телімі Ұлттық қауіпсіздік комитеті тергеп жатқан Кәрім Мәсімовке қатысты іске байланысты бұғатталған.
Қалалық сот хаттамасына сәйкес, Астана қаласы Есіл ауданы Қараөткел ықшам ауданы Ерейментау көшесі, 1 мекенжайында орналасқан жер телімі 2022 жылдың 11 ақпанында Астана қалалық қылмыстық істер бойынша ауданаралық сотының шешімімен бұғатталған.
«2022 жылдың 6 сәуірінде осы жер телімі ҚР Қылмыстық кодексінің 163 бабына сәйкес, Кеңес Рақышевқа жерді сақтау қолхатымен берілді. Ол жерді сатуға, жасыруға және өзге адамға беруге болмайтыны туралы ақпарат алды»,– делінген сот хаттамасында.
Яғни Мәсімовке қатысты қылмыстық іс аяқталып, жер телімінің тағдыры шешілмейінше, сот Astana Reality Group компаниясының талабын қарай алмайды.
Сот хаттамасында Мәсімовтің үстінен ҚР Қылмыстық кодекстің 366-бабы 4-тармағы (Ірі көлемде пара алу) және 218-бабы 3-тармағы (Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыру) бойынша тергеу жүріп жатқаны жазылған.
Айта кетейік, осыған дейін Рақышев пен Мәсімовке қатысты тағы бір даулы мәселе болған. АҚШ президенті Джо Байденнің ұлы Хантер Байден әкесі вице-президент болып тұрған кезде қазақстандық кәсіпкерлерден пара алды деген хабар тараған. АҚШ Өкілдер палатасының бақылау комитеті басшысы Джеймс Комер Джо Байденмен оның ұлы 2014 жылы көктемде Рақышев және Мәсімовпен бірге кешкі ас ішкенін айтқан.
Еске сала кетейік, Қаңтар оқиғасынан кейін қамауға алынған Кәрім Мәсімов қылмыстық кодекстің 175-бабының 1-бөлігі, 179-бабының 3-бөлігі, 362-бабының 4-бөлігі 3-тармағы бойынша кінәлі деп танылды. Ол 18 жылға бас бостандығынан айырылып, мүлкі тәркіленіп, өмір бойы мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан айырылды.