Қырғызстан мен Өзбекстан Қазақстанға су бермей қоюы мүмкін бе?

Жарияланды (жаңартылды )
Фото:twesco.org

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Қырғызстан мен Өзбекстан Қазақстанның оңтүстік облыстарына су беруді тоқтатуы мүмкін деген қауіпке қатысты пікір білдірді.

«Сырдария бассейні мен Шу, Талас өзендері бойынша арнайы құрылған комиссия бар. Осы комиссиялар аясында біз шара қабылдап, кезең бойынша суды үлестіріп отырамыз. Сондықтан су беру тоқтайды деген қауіп жоқ деп ойлаймын. Бұл мемлекетаралық ынтымақтастық қой. Қазақстанның бұл мемлекеттермен ынтымақтасатын басқа да салалары бар. Сондықтан біржақты жабылады деп айта алмаймыз», – деді Н. Нұржігітов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Министр Қырғызстаннан бастау алатын Қазақстандағы трансшекаралық өзендерге тоқталды.

«Шу мен Талас өзендері нақты бөлінген. Талас 50/50 болып бөлінген. Бұл 12 айда қанша су өтсе, 50%-ы Қазақстанға тиесілі деген сөз. Шу өзенінің 42%-ы – Қазақстанға, 58%-ы – Қырғызстанға қарайды. Бұл 1983 жылғы су бөлінісі. Барлығы жыл сайынғы судың болуына байланысты емес. Соңғы 3 жылда біз осы 2 өзенде су деңгейінің төмендігін байқадық», – деді Н. Нұржігітов.

Мәселені реттеу үшін Су ресурстары және ирригация министрлігі Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп, егіс алқаптарын суару жұмысына ерекше назар аударуда. Шаруа қожалықтарына ылғалды аз тұтынатын дақыл егу және тамшылатып суару технологиясын қолдану ұсынылды.

Айта кетейік, Қазақстанда 280 мың гектар аумақта ылғал үнемдеу технологиясы қолданылады. Оның 60 мың гектары Жамбыл облысында орналасқан.

«Біз әр өңірге жеке-жеке кешенді жоспар әзірлеп жатырмыз. Суаруды қалпына келтіру мәселесі сол жерде қарастырылады. Топырақ каналдар бетондалады немесе суды үнемдеу үшін G блоктарын орнатамыз», – деді Су ресурстары және ирригация министрі.

Естеріңізге салайық, тамыз айында Қырғызстан Киров қоймасынан Қазақстанға егістік суаруға арналған суды беруді тоқтатты. Салдарынан Талас, Байзақ, Жамбыл облысының кей жерлерінде су тапшылығы байқалды. Қырғыз тарапы судың аздығынан өздері қиын жағдайға тап болғандарын мәлімдеді. Қазақстанда 4 мың гектар пияз бен қант қызылшасына қауіп төнді.

Сондай-ақ оқыңыз